Мазмұнға өту

Жаға

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Теңіз жағасы, Аустралия

Жаға — құрлықтың өзен, көлдермен, ал теңіздің су жиегімен астасатын жолағы.

Жалпы мәліметтер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Дюрнштайн жағасы
Grand Anse Beach жағасы, Сент-Джордж, Гренада, Үндістан

Толқын, соқпа толқындар, су көздері деңгейінің ауытқуы — жағаны қалыптастыратын басты факторлар. Жағаның дамуы негізінен арнадағы ағысқа байланысты. Жағалар морфологиялық, құрылымдық, динамикалық, генетикалық және т.б. ұстанымдар бойынша жіктеледі.[1]

Жаға бекітетін имарат

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жаға бекітетін имарат (Берегоукрепительное сооружение) — су қоймасының, су ағатын өзендер мен каналдар жағалауларын ағын толқынының, мұздың, т.б. табиғи факторлардың әсерінен бүлінуден, бұзылудан сақтайтын кұрылыстар.

Жаға бекітетін имарат екі түрге бөлінеді:

  • активті — бұл жағдайда ағынның, толқынның энергиясын пайдаланып, олармен келген үйінділерді жағаны бекіту үшін пайдалану;
  • пассивті — су апатына тек өз құрылыс (имарат) бекінісінің күшін қарсы қою.

Жаға бойлық ағыс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жаға бойлық ағыс (Вдольбереговое течение) — толқулар мен жел әсерінен болатын су массаларының мұхит, теңіз немесе көл жағасын бойлай бір бағытта қозғалуы.

Жаға бойлық тасынды ағыны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жаға бойлық тасынды ағыны (Вдольбереговой поток наносов) — тасындылардың жағаға қатарлас бағытта ұрма толқындардың ықпалымен және жағабойлық ағыс арқылы су асты жағалық беткеймен тасымалдануы.

Жағажай, Тель-Авив, Израиль

Жағажай

  1. су жағалауының, су толқындары әсерінен болып тұратын, жылжымалы майда тастар, құмдар мен ұлутастар жиынтығы кездесетін жағалаудың судан биік бөлігі;
  2. кез келген су қоймасының, ағын судың түсіп шомылуға жайлы, еңісі жалпақ, жаға беткейі;
  3. теңіз, көл, су қоймасы, бөгет немесе өзен жағалауларында шомылуға, күнге қыздырынуға арнайы жабдықталған орын;
  4. тасындылар (бос құм, қиыршық тас және т.б.) қабаты жапқан, толқынның бұзылу зонасы мен ең күшті су ұру сызығы арасында орналасқан суқойма (теңіз, көл, бөген) жағалауының көлбеу жазық пішінді келген бөлігі. Су асты және су үсті бөліктерінен тұрады. Олардың арақатынасы су деңгейінің орны мен ауытқуына, толқын мөлшеріне, тасындылардың құрамы мен жиналу сипатына, жағаның пландағы және тік жазықтықтағы нысанына тәуелді. жағажай табиғи және жасанды болуы мүмкін;
  5. өзеннің дөңес (шығыңқы) жағасындағы түптік тасындылар жиынтығынан түзілген өзен иінінің элементі.

Жағалау — құрлық пен теңіз (көл, өзен жөне т.б) арасындағы жер бедерінің қазіргі және ежелгі замандардағы нысандар таралған шекаралық жолақ.

Жағалық белдем

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағалық белдем

  1. жағалау — құрлық пен су қоймасы немесе су ағысы мен құрлықаралық қатынас жолағы. Жағалық белдем жағалаудың су беті бөлігі мен жағалаудың су асты беткейінен тұрады;
  2. су массасының тікелей әсері мол тиетін су қоймасы мен су ағысының арасындағы алап;
  3. су қоймасы немесе су ағыны жағалауындағы шаруашылық ерекшеліктері судың жақындығына негізделеді (су көлігін пайдалану, теңіз өнімдері мен шикізаттарын алу, демалыс орындарын ұйымдастыру, т.б.).

Жағалық беткей

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағалық беткей — құрлықтың теңіз жағасына ұмсынған биік әрі тік беткейі.

Жағалық жал

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағалық жал - суқойманың жағасын бойлай созылған, соқпа толқындар ағысының әрекетінен пайда болған және жағажайдың сыртына орналасқан аккумуляциялық нысанды жер бедері. Жағалық жалдың биіктігі 1—4 м- ге жетуі мүмкін, құм, қиыршық тас, топырақ және т.б. тұрады.

Жағалық морена

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағалық морена — таудағы аңғарлық мұздықтың толық немесе бүйірлік шетінің жарым-жартылай еруінің нәтижесінде қалыптасатын және тізбек немесе баспалдақ түрінде аңғар беткейлерін бойлай шөккен морена. Кейде бірінің үстіне бірі орналасқан (шөгу террассалары) бірнеше Жағалық морена қалыптасады. Жағалық морена құрғақ континенттік климат жағдайында жақсы сақталады, климаты ылғалды аудандарда кейде жер пирамидаларының кешені қалыптасады.

Жағалық процестер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағалық процестер — жағалық аймақта су ағысының (толқулар, лықсу-қайту және су алабы деңгейінің басқа да өзгерістері, ағыстар) әрекетінен болатын табиғи процестер. Жағалық процестер көптеген факторлардың күрделі әрекеттесуінің нәтижесінде жасалады. Бұл процеске түрлі факторлардың (толқын қызметі, ағыстар, жер қабатының қозғалысы, арнаның толығу-қайту құбылыстары және т.б.) бір бөлігі белсенді, ал басқасы жағалық процестерге оған керісінше әсер ететін факторлардың қарқындылығын айқындайтын енжар орта ретінде көрініс береді (жер бетінің беткейін құрайтын таужыныстың литологиялық құрамы, олардың геологиялық құрылысы мен тік бөліну дәрежесі және т.б.). Шайылуға ұшырайтын жаға жемірілген (абразив) деп аталады, ал тасындылардың жиналуынан ұлғаятын жаға шөгінді (аккумулятив) деп аталады. Шөгінді жағаға тән элемент жағажай, ал жемірілген жағаға клиф элементі немесе құрлықтың жағалауды кұрайтын таужыныстарынан жасалған жағалық кертпеш тән болады. Жоспарлы көріністерге, түзіліс жағдайларына, геологиялық құрылым мен басқа да нышандарына байланысты теңіз жағасының мынадай көптеген түрлерін бөліп көрсетеді: Қойнаулық (бухтовые), теңіз қолтықтық (лагунные), қолтабандық (лиманные), теңіз түбектік (фиордовые), қалақты (лопастные), қалқып бетке шығу (всплывания), тегістелген (выравненные) және т.б. Көлдік жөне өзендік жағаларға катысты бұндай жіктеулер жоқ.

Жағалық сызық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жағалық сызықтың дамуы, Сан-Педро, Белиз

Жағалық сызық — құрлық пен су аралығындағы жиек сызық немесе теңіз немесе көл алабы және құрлық арасын ажырататын шартты шекара сызық.

Көптеген суқоймаларының деңгейі тұрақсыз болғандықтан Жағалық сызық алаптағы судың лықсуы мен қайтуы, желқума-желбөгет кұбылыстарының және т.б. әсерінен, сонымен қатар судың ауытқымалылығы салдарынан әр уақытта үздіксіз өзгерісте болады, ірі суқоймалардың (көл, теңіз) деңгейінің тұрақсыз болуы себепті Жағалық сызық белгілі бір мөлшерде шартты түсінік. Бұл термин суқойманың көпжылдық орташа деңгейіне қатысты қолданылады. Су деңгейі үнемі өзгеріп отыратындықтан, жағалық сызық та өз деңгейін сақтамайды.

Жағалық терраса

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағалық терраса — жағаның сатыланып келген кемері. Жағалық терраса теңіздің соқпа толқыны әсерінен пайда болады.

Жағалық эрозия

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағалық эрозия — өзен бойлары беткейлерінің, жағалауларының суға шайылудан бұзылуы. Осының нәтижесінде өзен суы арналары ауысып, ирелеңдеп ағады, олардың аңғары кеңейеді. Бұл жағдайлармен арнайы инженерлік құрылыстар арқылы күресуге болады.

Жағаны бекіту құрылысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жағаны бекіту құрылысы — өзен жағасын судың орып құлатуы мен шаюынан сақтайтын гидротехникалық құрылыстар.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, Мектеп, 2002.