Былина

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Былинаорыс фольклорының негізгі жанрларының бірі. Былина, негізінен, 11 — 16 ғасырларда Киев Русінің қалыптасу кезеңіндегі тарихи оқиғалар мен ондағы батырлар ерлігі туралы эпостық жырлар топтамасынан тұрады. Былина жазбаша түрде дамымай, ауызша айтылғандықтан, сюжеті көптеген өзгерістерге ұшырап, өңделіп, өзгеріп отырған. Былина тақырыбы мен мазмұны, т.б. ерекшеліктеріне байланысты киевтік және новгородтық болып екіге бөлінеді. Киевтік Былиналар тарихи оқиғалар кезінде ерлік көрсеткен батырлар Добрыня Никитич, Илья Муромец, Алеша Попович, т.б. туралы жырлардан тұрады. Новгородтық Былиналардың ерекшелігі, онда, көбінесе, халықтық-тұрмыстық, новеллалық және ғашықтық сюжет басым (“Василий Буслаев”, “Садко”, т.б.). Бұл саладағы Былина оқиғаларында фольклор жанрына тән әсірелей бейнелеу жиі кездеседі (мысалы, батырлардың алыптармен соғысуы, Садконың теңіз патшасынан сыйлық алуы, т.б.). Былина белгілі бір кезеңде әр түрлі тарихи оқиғаларға байланысты дүниеге келгенімен, уақыт тезінен өткен сайын жергілікті өзгешеліктері жойылып, жалпыхалықтық эпостық жырға айналған. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том