Одағай

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Одағай — сөз табы. Одағай сөздер көбінесе адам сезімінің алуан түрлі күйін білдіретін дыбыстар немесе жануарларға қаратылып айтылатын сөздер. Бірақ олар жай ғана дыбыстар емес, жұртшылыққа әбден түсінікті болып, белгілі дағды бойынша сөз ретінде пайдаланатын дыбыстар. Олар жұртшылыққа әбден түсінікті болып қалыптасқандықтан, жай ғана дыбыстардың қатарынан шығып, белгілі сөзге айналған.

Мысалы:

Уау, жігіттер-ау, бұл қалай? (Ғ. Сланов); Па, сабаз, мал болғаныңа! (бұ да); Түу, қандай тымырсық түн (бұ да);

Е, жолдас, жақсы жатып, жай тұрдыңыз ба? (С. Мұқанов) дегендердегі уау, па, түу, е деген одағайлар үйреншікті сөздерге айналып, жұрттың бәріне түсінікті болып кеткен.[1]

Одағай сөздер мағына жағынан заттың өзі туралы да, сыны, саны, қимылы туралы да, қимылдың жайы-күйі туралы ұғым бермейді.

Ерекшеліктері

Одағайлар — өз алдына ерекшеліктері бар сөздер. Ал ол ерекшеліктері мыналар:

  1. Одағай сөздердің мағыналары адамның әр түрлі сезімімен байланысты шығатын дыбыстық ишараттарды білдіреді. Мысалы: Мұны бастап жүрген кім екен, ә? (Ә. Әбішев); Япырмау,жастық деген қандай қызық? (Ғ. Сланов) дегендердердегі ә, япырмау сөздер — одағайлар.
  2. Адамның көңіл күйі құбылмалы болатындықтан, одағай сөздердің көпшілігінің мағыналары да құбылмалы, ауыспалы демек, көп мағыналы болып келеді.
  3. Одағай сөздер сөйлемнің басқа мүшелерімен грамматикалық жағынан байланыспайды, олай болса, өзі жарыса айтылған сөйлемнің мүшесі болмайды.Мысалы:Әттең, қазір жанымда досым болғанда ғой.

Одағайлардың түрлері

Одағайлар негізгі және туынды болып екіге бөлінеді.

Негізгі одағайлар

Негізігі одағайларға: ау, па, ей, әй, е, уа, уау, уай, я, пай, ә, о, оһо, ой, ие, аһа, ау, беу дегендер жатады. Бұл одағайлар қайталанып қолданылмайды

Туынды одағайлар

Туынды одағайларға: мәссаған, бәрекелді, әттегенай, жаракімалла, масқарай, о тоба, астапыралла, япырмай, ойпырмай, о дариға ... сияқтағандар жатады.

Ишарат одағайлар

Бұйрық, сұрау мәнді сөздер (кәне, кәнеки, ал, әйда). Мысалы: Кәне, коллектив боламыз дегендерің қол көтеріңдер (Б.Майлин).

Жекіру одағайлары

Адамға арнайы айтылатын одағайлар.

  • Көрсету я нұсқау сөздері (кәні, міне, әні )
  • Ұсыну сөздері (мә, айда)
  • Тыю сөздері (жәй, тәй, тек, тәйт)

Жануарға арнап айтылатын одағайлар

Бұл топқа төрт түлік мал, ит, мысық сияқтанған үй айуандарын жемге шақыру, айдау, үркіту т. б. мақсатымен қолданылған сөздер мен тіркестер жатады. Мысалы:

  • түйеге: көс, көс! сорап, сорап!'қош-қош!"
  • қой мен ешкіге: пфша (пішә), құрау-құрау! шәйт! шек! шеге, шеге!
  • жылқыға: моһ, моһ! тәк, тәк! құрау, құрау! құр, құр!
  • ит пен мысыққа: кә, кәһ! күшім, күшім! мышы-мышы! пырс!

Шақыру одағайлары

Таңдайды тақылдатып, еріндерді шүйіріп, ысқырып айтатын, транскрипциялауға қиын болатын одағайлар да бар. Бұларды, әдетте, шақыру одағайлары дейміз, бірақ олар тек шақыру ғана емес, жекіру, ұрысу тағы сол сияқты мағыналарды білдіреді.

Көңіл-күй одағайлары

Көңіл-күй одағайлары - адамның әр түрлі сезімдерін, көңіл-күйін білдіретін сөздер. Олар:

  • а) жағымды көңіл-күйді білдіретіндер (Алақай! Паһ-паһ! Бәрекелді! Ура! т. б.);
  • ә) жағымсыз эмоцияны білдіретіндер (Әттең! Әттеген-ай! Қап! Түге! Пішту! Бай-бай- бай! т. б.);
  • б) әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл- күйді білдіретіндер (Пай-пай, шіркін, Алатау! Пай-пай, мыналар төбелесетін болды ғой!) болып бөлінеді.

Императивтік одағайлар

Адам не айуанға бағышталып, шақыру, жекіру, бұйыру мақсатымен айтылған одағайлар. Бұлар бағышталып отырған объектілерге қарай ішінара екі топқа бөлінеді:

  • а) адамға бағышталып айтылған одағайлар. Бұған бұйыру, жекіру, тиым салу т. б. мақсатында жұмсалған (Жә! Тәйт! Сап-сап! Әуһ! Әлди-әлди! Әйда!) сөздері жатады.

Тұрмыс-салт одағайлары.

Бұл топқа өмірде жиі қолданылатын, адамдардың амандасу, қоштасу т. б. сыйластық белгісі ретінде жұмсалатын Қош! Рахмет! Ассалаумағалейкүм! Қайыр! құп! Ләббай! Кеш жарық! т. б. одағайлар жатады.

Одағайлар мағына құбылмалылығына байланысты бір мағыналы (Алақай! Қап! Әттең! т. б.) және көп мағыналы (Ә! Пәлі! Пай-пай! т. б) болып екіге бөлінеді. Одағайлар — эмоционалдық-интонационалдық әуезділік, ырғақ құбылмалылығына өте бай категория. Одағайлар - негізінен, түрленбейтін, қосымшаларды көп қабылдай бермейтін сөздер. О-лар арасында жеке-дара күйінде ғана айтылатындар да, қосар күйінде қолданылатындар да бар. Құрамы жағынан алып қарағанда түбір (Ә! О! Қап! Ой! т. б.) және туынды (Мәссаған! Апырым-ай! Бәрекелді! Әттеген! т. б.) түрлері кездеседі. Одағайлар өз алдына сөйлем мүшесі бола алмайды. Олар жеке-дара тұрғанда сөз-сөйлем қызметін атқарады. Одағайлар сөйлем ішінде, әсіресе, диалогты сөйлемдерде етістіктермен тіркеседі де белгілі бір сөйлем мүшелерінің құрамына енеді. Одағайлар кейде етістіктермен тіркесіп фразеологиялық тіркестердің жасалуына себеп болады (Ай-шай демей, шу дегеннен, әу деді т. б.).[2][3]

Дереккөздер

  1. А. Ысқақов, Қазіргі қазақ тілі, 1974 ж.
  2. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
  3. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Ғылымтану. Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын- Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2006. ISBN 9965-808-78-3