Поэтика
Поэтика (грек тілінде poietik fehne — шығармашылық өнер) — әдебиеттанудың пәні, көркем шығарма құндылығын бар болмысымен айқындайтын жүйе туралы ғылым. Поэтика негізгі 3 саланы, мәтіннің дыбыстық, сөздік, образдық құрылымын зерттейді.
Поэтиканың басты мақсаты — осы үш саланың толық жүйеленген эстетикалық амалдарын анықтау. Кең мағынасында поэтика әдебиет теориясымен үндес ұғымды білдірсе, ал нақтылы мағынада сол теориялық әдебиеттің бір саласы ретінде қабылданады. Әдебиет теориясының саласы ұғымындағы поэтика әдеби тек пен түрдің, ағым мен бағыттың, стиль мен әдістің ерекшеліктерін зерделейді, сондай-ақ көркемдік тұтастық деңгейлерінің ішкі байланыс заңдылықтарын, олардың ара қатынасын зерттейді. Оның өзі зерттеу нысанына байланысты романтизм поэтикасы, романның поэтикасы немесе белгілі бір суреткер шығармаларының поэтикасы не көркем шығарма поэтикасы болуы мүмкін. Әдебиеттегі бейнелеу құралдарының тілге қатыстылығын ескерсек, онда поэтика көркемдік құралдар тілін зерттейтін ғылым ретінде де танылады (мысалы, көркем әдебиеттің тілі). Поэтиканың мақсаты шығарма құндылығын, эстетикалық әсер қалыптастыратын мәтін элементтерін айқындап, оны жүйелеу болып табылады (мысалы, лирикалық өлеңдерде ырғақ, ал прозада сюжет басты рөл атқарады). Поэтикалық жүйе ізденістері нормативтік поэтика құруға алып келді (классицизм дәуірі мен 19 ғ-дағы Еуропа әдебиетінде).
Поэтика жалпы (теориялық немесе жүйелік “макропоэтика”), жеке баяндау (“микропоэтика”) және тарихи болып үшке бөлінеді. Жалпы поэтиканың мақсаты мәтіннің дыбыстық, сөздік және образдық құрылымын қамтитын әдістердің жүйелі жиынтығын (эстетикалық ықпалды элементтер) жасау болып табылады. Шығарманың дыбыстық жағын (ырғақ, бунақ, ұйқас, өлең өлшемі, дыбыс толқыны, т.б.) негізінен өлеңтану ғылымы қарастырады. Сөз табиғатына үңілгенде, шығарманың лексикасы, морфологиясы мен синтаксисі зерттеледі де, бұл сала стилистика деп аталады (лингвистикалық стилистикадан өзгеше). Лексикалық өзгешелік, стилистикалық фигура мен троп ретінде поэтика мен риторикада ертеден зерттелуде, ал методологияның ерекше пәні ретіндегі поэтика соңғы уақытта зерттеле бастады. Шығармадағы образ бен сюжет поэтиканың бір бағыты болып табылады. Жеке поэтика жоғарыда аталған нысандарда көркем шығарманың табиғатын ашумен айналысады, сол арқылы шығарманың эстетикалық ықпалды қасиетінің дара жүйесін жасайды. Поэтикадағы басты мәселе — композиция, яғни барлық эстетикалық мәні бар элементтердің бір-бірімен үйлесім-үндестігі. Талдау барысында “дүние образы” (көркемдік уақыт пен кеңістік) және “автор образының” үндестігі шығарма құрылымындағы барлық жайды айқындайды. Жеке поэтика (“микропоэтика(қолжетпейтін сілтеме)”) негізгі шығарма мен зерттеу талабының ерекшелігіне сай топтама шығарманы (топтаманы, бір автордың, әдеби бағыттағы жанрдың, тарихи кезеңнің қатысына қарай) талдап түсіндіреді. Оның тақырыптық, идеялық тұрғыдан қалыптасуы, сөзбен зергерленуіне дейінгі процесс (генеративная поэтика) қамтылады. Тарихи поэтика салыстырмалы-тарихи әдебиеттанудың көмегімен эволюц. қозғалыс бағытында мәдениеттің поэтикалық жүйесінің ортақ қасиеттерін, олардың (генетикалық) қайнар бастауын (типологиялық) ашуға, тануға бағытталған. Сөз өнерінің бастауы ауыз әдебиетінде жатқандықтан, тарихи поэтика өзінің негізін ауызша сақталған сөз өнерінен алады. Тарихи поэтиканың негізгі мәселесі — жанр, жанрлық түрлер тарихи қалыптасқан жағдайға байланысты бірлікте не жеке қарастырылады. Жанр мен жанрдың шекарасы өзгермелі, сондықтан поэтикалық жүйе дәуір ықпалында өзгеріске түседі де, осы өзгерістерді тарихи поэтика зерттейді. Қазақ әдебиеттануында А.Байтұрсынов поэтика ұғымын қисын деп алады. Ол тіл қисыны яки лұғат қисынына сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп тізу деген анықтама береді. Шығарманың өңді, ұнамды болу шарттарын белгілейді: ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне, көрнекті, әуезді болу жағын да талғайды.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
- ↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Poetics |