Циклон

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Catarina циклоны

1. Циклон (гр. cyclon — айналушы, айналым) — атмосфераның қысымы төменгі аймағы.

Атмосфера әрекетінің орталықтарының бірі. Циклонда ауа қысымы ортасынан шетіне қарай артады. Солтүстік жарты шарда сағат тілінің айналу бағытына қарсы, Оңтүстік жарты шарда сағат тілі бағытымен қозғалады. Синоптиктік картада бұл құбылыс жинақталған тұйық изобарлар түрінде бейнеленеді. Циклон көбіне атмосфераның жер бетіндегі қабатының ауа ағындарын параллель жылы және суық ауаға бөліп тұратын тұрақты атмосфера шебі үстінде қалыптасады.[1] Бұл шептен жоғары биіктік шеп зонасы орналасады. Циклон қамтитын өңірдің ені кейде 1000 — 3000 км-ге жетеді. Жаңа Циклон өткен кезде ауа райы бұзылып, жылы шептің жақындағаны (жел күшейеді, шарбы бұлт қоюланады) сезіледі. Жаңа Циклонның суық шебінің өтуі (будақ жаңбырлы бұлттан нөсер жаңбыр жауады) суық ауаның адвекция құбылысына жалғасады. Көбінесе Циклонның қалыптасуы бірнеше тәулікке созылады, бастапқыда қарқынды жылжиды (көбінесе батыстан шығысқа, кейде солтүстікке ауысады), соңынан баяулайды. Кейде жаңа термиялық ауытқулар (мысалы, Циклонға неғұрлым суық ауа массаларының кіруі) Циклон регенерациясын (қайта қалыптасуын) тудырады.

Циклондар — орталығында қысымы төмен облыспен бірге атмосфераның құйынды қозғалуы. Циклондар облысы едәуір кеңістікті, кейде бірнеше мың квадрат километрлік алапты қамтиды. Жердің өз осінде айналғанда қысымның әр түрлі болуына байланысты орталыққа карай ағылған ауа массалары Солтүстік жарты шарда оңға қарай, ал Оңтүстік жарты шарда солға қарай ауытқиды да, жоғары көтеріледі. Циклондардың орташа қозғалу жылдамдығы сағатына 35 км шамасында болады. Батыс Еуропа мемлекеттері мен бұрынғы КСРО елдеріне олар Атлант мұхиты жағынан келеді, ал оның жылжуы оңтүстік-батыс және батыс бағыттардан болып тұрады. Циклондар ауа райына көп әсер етеді де, көбінесе оңтүстік секторда бұлттар мен жауын-шашынды ала жүреді. Олардың жақындағанын:

  • батыста тарамдалып орналасқан қазбауыр бұлттардың пайда болуынан
  • барометрлік қысымның төмендеуінен
  • шығыс румбалық желдердің соғуынан
  • бұлттанудың жиіленуінен білуге болады.

Циклондар орталығы өткеннен кейін барометрлік қысым жоғарылайды да, жаңбырлы ауа райы ашық күндермен ауысады. Қыста олардың алдыңғы жағында температура жоғарылап, жазда төмендейді де, ал соңғы жағында керісінше болады. Циклондардың жылжуы қоңыржай ендіктердегі атмосфераның жоғарғы қабаттарында басым болып келетін шығыс бағытnағы желдердің әсерінен болады. Бьеркнестің пікірі бойынша, циклондар ауа фронттарынан, яғни әртүрлі ауа массаларының арасында бөлу бетінің болып тұруынан пайда болады. Бұл бөлу беттері батыстан шығыс0а қарай ауысып отыратын бұрылыстар және толқын тәріздес ауытқулар жасап отырады. Солтүстік жарты шарда жылы ауа массалары солтүстікке қарай жылжитын жерінде — циклондар, ал оңтүстікке қарай бұрылыс жасаған жерінде — антициклондар құрайды.

2. Циклон - ортадан тепкіл және екпінді күштердің әсерімен ауаны шаңнан, газдан тазартатын құрылғы.[2][3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Физика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д,, профессор Е. Арын – Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2006. ISBN 9965-808-88-0
  2. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Әскери іс. Алматы:"Мектеп" ААҚ , 2001
  3. Орысша-қазақша түсіндірме жалпы сөздік: Көлік / профессор Е. Арын — Павлодар : «ЭКО» ҒӨФ. 2006.