Сахабалар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Сахабалар (араб.: الصحابة‎ көпше түрінде, жеке түрі صحابي — дос, жолдас) — арабшадағы схб түбірінен туындаған көпше түрдегі есім сөз, жекеше түрі — сахаби, Ислам дінінің соңғы пайғамбары Мұхаммед ﷺ серіктеріне берілген атақ. Сахаба (етістігі) серік, жолдас, дос болу және сұхбаттасу деген мағынаны білдіреді.[1] Мейлі аз, мейлі көп болсын, сұхбаттасқан адамға осы есім беріледі.

Терминдік мағынасына келсек, С. Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарды көрген, аз уақыт болса да оның сұхбатын тыңдап, иман келтірген және дүниеден иманды өткен «сахабаға» жатады.[1]

Осман сөзінің арабша жазылуы, Стамбұл, Айя София
Мұхаммед (оң жақта) және Әли (сол жақта) сөздерінің арабша жазылуы

Асхаб деп Мұхаммед с.ғ.с мен қатар жүрген, бірге жорықтарға қатысқан адамдарды айтады. Асхабтар тұңғыш мұсылман әскерін құрушылар, алғашқы қолбасшылар еді. Бұлардың алғашқылары муhажирлер (Мұхамед с.ғ.с мен бірге Меккеден Мәдинаға қоныс аударғандар) және ансарлар ислам дінін таратуда маңызды рөл атқарды. А-тарға әмірлік, әскери қолбасшылық қызметтегі жоғары лауазымдар берілді. Жай халық айына 300 дирhам алғанда, оларға 3 мыңнан 5 мың дирhамға дейін жалақы төленді. Омар халиф тұсында Асхабтар саны 10 мыңға жетті. Бұлар Мұхаммед с.ғ.с пайғамбардың хадистерін насихаттады. Ислам тарихына өшпес із қалдырған А-тар жайлы кітаптар жазылып (9 ғ.), олардың өмірбаяндары, ізгілікті іс-әрекеттері хатқа түсірілген. А-тардың бірсыпырасы әулие атанып, қабірлері қасиетті орынға айналған.[2]

Ең бірінші Исламды қабылдаған сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сахабалардың "мұһажирлер" және "ансар" аталуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұһажирлер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Мұһажир

Пайғамбарымызға Пайғамбарлық келгеннен кейін ең алғаш иман келтіріп, бүкіл қиындықтарға қарамастан Аллаһ пен Расулдың қауіпке толы жолында ешнәрседен тайынбағандар. Ақиқат дінінің дәстүр талаптары бойынша өмір сүре білу үшін Меккенің алынуынан бұрын Меккеден Мединеге туған жер, бала-шаға, шаруа кәсіптерін Аллаһ үшін тастап кешкен әзиз жандар. Олар - Исламның кең таралуы жолында үлкен қызмет атқарыл, өшпес із қалдырған, Аллаһтың ризашылығына және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйіспеншілігіне ие болған ардақтылар. Мекке азат етілгеннен кейін һижрет ету біржолата тыйылса да, алғашқы муһажирлердің даңқтары, мәртебелері мәңгі сақталып қалды. Муһажирлік дәреже - ең жоғарғы дәрежелердің бірі болды.[3]

Құранда мұһажирлер жайлы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]

"Сонда, Раббылары олардың дұғаларын қабыл етіп (айтты): "Әлбетте, Мен сендерден бірде-бір амал істеушіні" - ер кісі яки әйел адамның амалын жоймаймын. Өйткені, (сендер) бір-біріңненсің (яғни, ер кісі әйелден, әйел ер кісіден дүниеге келген)". Ендеше, отандарынан ауып, жұрттарынан қуылған, Менің Жолымда жапа шеккен және (Менің Жолымда) соғысып, өлтірілгендердің күналарын өшіремін және оларды астарынан өзендер ағып тұратын бау-бақшаларға кіргіземін. Бұл Аллаһ хұзырынан болған сауап-сый болады. Өйткені ең көркем сауап-сый Аллаһтың хұзырында". Құран Кәрім, Әли Имран сүресі, 195-аят.

Толық мақаласы: Ансарлар

Ансардың сөздік мағынасы - жәрдем ету. Терминдік мағынасы - Ислам діншіл дәстүрлері бойынша өмір сүріп, оны таратуға Меккеден Мединеге кешкен Пайғамбар мен муһажирлерді ыстық ықылас пен құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алған, оларды өздерінің күйбең тіршіліктерінен де жоғары қойып, барын солармен бөлісіп, колынан келген жәрдемдерін аямай, муһажирлермен бауыр болып, бауырлары үшін қилы-қилы қиындықтарға төзуге - ризашылыгын білдірген сахабалар. Олар өмірлерінің соңына дейін Ислам жолында қызмет етті. Ансарлардың көмегінің арқасында муһажирлер мұқтаждықты білмеді, бір-біріне жәрдемдесулері мен жанқиярлықтарының дәнекерлігімен Ислам мейлінше құрылып, аз уақыттың ішінде һәм рухани, һәм материалдық жағынан басқа мемлекеттерді басып озды. Ансардың жасаған жақсылықтары Құранда ерекше аталып, олар жайлы: «Міне, нағыз құтылушылар осылар», - делінген.[4] Ансардың дәрежелерін Аллаһтың Елшісі (с.а.у.) былай бағалап, аңғартқан: «һижрет болмағанда мен ансардың қатарынан табылар едім. Барлық адамдар бір жолға, ансар да басқа жолға түссе, мен ансардың жолымен жүрер едім. Аллаһым, ансарды, балалары мен олардың ұрпақтарын да қорғай гөр».[5]

Муһажирлердің көшуі және ансардың оларға жәрдем етіп, қолдауының нәтижесінде Аллаһ Расулы (с.а.у) Мединеге кешті. Осылайша Медине Ислам көтерілісінің орнығуы мен таралуының орталығына айналды. Ислам шуағын тарату өрт. болған бұл қала «Медине мунаууара» (нұрлы қала) деп аталды.[6]

"Суффа" сахабалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұхаммед пайғамбардың Мединеде салдырған мешіттің бір бұрышына құрма ағаштарын көлеңкелік баспана жасатқан. Көлеңкелік араб тілінде "суффа" деп аталады. Осы жерде тұрғандар "асхабы суффа" суффа сахабалары деп аталды. Суффа сахабалары туған-туыс, жақындары мен дүние-мүліктері жоқ кедей сахабалар болатын. Олар өз өмірін құран үйреніп, пайғамбардан Құран, хадис және басқада діни ілімдерді терең меңгерумен жоғары құрметке ие болды. Олар күндіз ораза ұстап, түнде ғибадат етіп, дүниенің күйбең тіршілігінен бойларын алыс ұстап, алтын уақыттарын пайғамбардан естігендерін жаттап, кейінгілерге жеткізу жолында өткізді. Пайғамбардың білім бұлағынан сусындаған бұл сахабалар жан-жаққа мұғалім етіп жіберілді. Олар Исламның шынайы рухын басқа руларға, мемлекеттерге көркем түрде уағыздау арқылы жеткізді. Өмірлерін ақиқатты паш етуге арнаған ақиық сахабалар тек уағыздаумен ғана шектеліп қалған жоқ, керекті кезінде қаруларын асынып, қасиетті соғыстарға да қатысты.[7]

Атақтылары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Олардың арасынан ең көп хадис риуаят еткен Әбу Һурайра, сонымен қатар Бәрә ибн Малик, Абдуллаһ ибн Үнәйс сынды ғалым, тақуа сахабалар шықты. Құран кәрімнің және хадис шәріптердің жатталып, мағыналарының кейінгілерге дұрыс жетуінде бүкіл қиындықтарға төзе білген, білімге құштар жанқияр суффа асхабы табандылықтарының орны ерекше.[7]

Дәрежелері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аз уақыт болсын Пайғамбарымызды (с.а.у.) көзі көріп, иман еткен адам «сахаба» деп аталғанымен Ислам дінінің кең тарап, қанат жаюы жолында танытқан ерен ерліктері мен жанқиярлығы жағынан дәрежелері әртүрлі С-лар бар. Дін жолындағы бүкіл соғыстарға немесе кейбіреулеріне қатысулары, Аллаһ Расулымен (с.а.у.) бірге мүшріктерден жапа шегіп, олардан азап көрулері, малмүліктерін, бала-шағалары мен үй-жайын тастап, басқа мемлекетке көшуге мәжбүр болуы, сол сияқты дін жолында шейіт болуы тұрғысынан алғанда, олардың арасындағы сахабалар дәрежелерінің әртүрлі болуы табиғилық. С-лардың арасындағы бұл дәреже айырмашылығын хадис ғалымы Хаким ан-Нисабури былайша көрсетеді:[8]

  1. Хулафа-ур Рашидин (Әділетті 4 халифа: Әбу Бәкір, Омар, Ос.ман, Әлгі) және солармен бірге алғаш иман келтіргендер. Бұлардың ішінде көздерінің тірісінде жәннатпен сүйіншіленген он сахаба (әл-ашарат-ул мубашшарату) және олардан кейінгі 6 кісі.
  2. Дар-уль Аркам асхабы. Бұлар - Омар ибн Хаттабтан бұрын иман келтіріп, мұсылман болғандықтарын жасырын ұстап, Аркам ибн Әбул-Аркамның үйінде жиналғандар.
  3. Мұсылман болғандықтары үшін Меккеде зорлық көріп, лажсыз Эфиопияға һижрет (көш) жасағандар.
  4. «Бірінші Ақаба сертіне» қатысып, Пайғамбарымызды (с.а.у.) көрген, Оған иман келтірген және серт беріп, қол алысқан ансардың алғашқылары.
  5. «Екінші Ақаба сертінде» Пайғамбарымызбен (с.а.у.) кездесіп, өмірінің соңдарына дейін оны қорғап-қолдауға сөз берген мұсылмандар. Олардың көпшілігі ансар еді.
  6. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мединеге жетпес бұрын Құбаға келгенінде, Оған (с.а.у.) келіп қосылған алғашқы муһажирлер.
  7. Бәдір шайқасына қатысқандар.
  8. Бәдір шайқасы мен Худайбиия оқиғаларының тұсында һижрет жасағандар.
  9. Ридуан сертіне қатысқандар. Худайбиияда ағаштың астында Пайғамбарымызға ант бергендер. Құранда олар жайлы: «Шынында Аллаһ ағаш астында саған серт берген мүминдерге разы болды» делінсе, Пайғамбарымыз «сендер бүгін жер бетіндегі ең қайырлы жандарсыңдар»,- деген.
  10. Худайбиия келісімі мен Меккенің алынуы арасындағы уақытта һижрет еткен сахабалар. Бұлардың арасында Халид ибн Уәлид, Амр ибн Ас және Әбу һурәйра сияқты белгілі Сахабалар бар.
  11. Мекке алынған кезде және одан кейін мұсылман болғандар.
  12. Пайғамбарымызды Меккенің алынуы кезінде және қоштасу қажылығында көрген жас балалар.[9]

Жалпы саны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Пайғамбарымыз көз жұмған кезде өмір сүрген Сахабалардың жалпы саны жайлы нақты мәлімет жоқ десек те, Ислам тарихына байланысты жазылған классик, кейбір еңбектерде жүз мың сахабаның болғандығы айтылған.[10]

Мысалы, қоштасу қажылығына 40 мың, Тэбук жорығына 70 мың С-ның қатысқандығы жайлы Ислам тарихын байланысты шығармаларда мәліметтер бар. Имам Шафи'и Пайғамбарымызды (с.а.у.) көріп, Одан хадис риуаят еткен сахаба санының 60 мың болғандығын айтады. Меккенің алынуынан бұрын қайтыс болған сахабалардан өзге, Меккенің алынуы кезінде сахабалар алыс жақтарға тарап кеткендіктен олардың есімдерінің көбі кейінгі ұрпаққа жетпеген. Сахаба есімдерін шығармасында ең көп көрсеткен ғалым - ибн Хажар. Ол «Исаба» атты еңбегінде 11 783 сахабаның атын атайды.[11]

Сахабалар жайында жазылған негізгі шығармалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Сахабалар жайында жазылған негізгі шығармалар [10]
Кітап авторы туған, қайтыс болған жылдары-Һижри жылымен Кітаптың атауы Жазылған тілі Ескерту
Ибн Сағд 168-230 Табақатуль кубра Араб тілінде
Абу Нуғайм әл-Исбахани 330-403 Хилятуль Әулия Араб тілінде
Әбу Омар ибн Абдулбарр 368-463 әл-Истиғаб фи мағрифатиль асхаб Араб тілінде
Иззуддин ибе әл-Асир 555-630 Усдул ғаба фи мағрифатиль асхаб Араб тілінде
Ибн Хажар әл-Асқалани 773-852 әл-Исаба фит тамиизис сахаба Араб тілінде

Құран кәрімдегі сахабалар жайлы аяттар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сахабалар ерліктері, табандылықтары мен шынайылықтарын мадақтап, дәрежелерінің қаншалықты жоғары екендігін кейінгі ұрпаққа білдіру үшін Аллаһ Құран кәрімнің көптеген аяттарында сахабалар туралы баяндалған. Олар - ең қайырлы үмбет. Бұл жайлы "Әли Имран" сүресінің 110 аятында:

"Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер" [12]-делінген.

"Мұхаммед Аллаһтың пайғамбары. Онымен бiрге болған (момын)дар кәпiрлерге қатаң, өз араларында (момындармен) болса, рахым-мейiрiмдi. Оларды әрдайым Аллаһтан кеңшiлiк-мәрхамат және разылық тiлеп бас иiп, сәжде етiп жатқан халдерін көресiз. Олардың беттерiнде сәжде iзiнен (қалған) белгiлерi бар. Мiне, осы (яғни, кәпiрлерге қатаң болу, момындарға мейiрiмдiлiк көрсету және көп намаз оқып бас иiп-сәжде ету) олардың Таураттағы мысалдары (яғни, Тауратта да Аллаһ тағала момындарды, мiне, осындай сипаттармен сипаттаған). Олардың Iнжiлдегi мысалдары болса, дәл бiр бұтақтар шығарып, қуатқа кiрген соң, жуандап, өз денесiнде тiк тұрған, диқандарды таңдандырған өсiмдiкке ұқсайды. (Момындардың әуел-баста әлсiз азшылық болып, кейiн бiрте-бiрте көбейiп, күшке толып кетулерi Iнжiлде, жоғарыда айтылғандай өсiмдiкке ұқсатылды) олар арқылы кәпiрлердi ызаландыру үшiн, Аллаһ (момындардан) иман келтiрiп, игi амалдар iстегендерге жарылқау және ұлы сауап-сый уәде еткен".[13].

"Иман келтірген, һижрат қылған және Аллаһтың жолында күрескендер және (мүһажірлерге) үй-жай беріп, жәрдем қылғандар, міне, солар шындығында момындар болып, олар үшін жарылқау мен ұлы несібе бар".[14].

Аллаһ тағала олардан разы болғандығы жайлы мына аяттарда былайша баяндалады: "Мұһажир және ансарлардың бірінші, алғашқылары және оларға игі амалдармен ергендер (болса) Аллаһ олардан разы болды және олар да Одан (Аллаһтан) разы болды. Және (Аллаһ) олар үшін астарынан өзендер ағып тұратын, олар мәңгі (тұрақты) қалатын жәннаттарды әзірлеп қойды. Міне, осы-ұлы бақыт".[15].

Сахабалар жайлы хадистер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ислам дінін жаю үшін машақатқа толы қиын жолда өзіне серік болып, бүкіл тауқыметті арқалаған сахабалар жайлы Мұхаммед пайғамбардың хадистері көп. Ол хадистерін бірнешесі төменде келтірілген:

"Менің сахабаларымды жамандап сөз айтпаңыздар. Егер сіздерден біріңіздің Ухут тауындай алтыны болып, оны тұтастай Аллаһ жолында бағыштаса, бұл олардың бір уыстық бағыштарына, тіпті оның жартысына да тең келмейді".[16]

"Адамдардың ең жақсылары менің ғасырымда өмір сүрген сахабалар, содан кейін олардан кейін келген (яғни табиғиндер), содан кейін де олардан кейін келгендер (табаға табиғиндер)...[17]

"Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз".[18]

Сахабалардың Ислам тарихындағы орны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Халифат, 622–750      Мұхаммед пайғамбар дәуіріндегі халифаттың кеңеюуі, 622–632      Әділетті халифалар дәуіріндегі халифаттың кеңеюуі, 632–661      Умайяд халифаты, 661–750
Біләл әл-Хабашидің мазары, Баб Сағир, Дамаск

Сахабалар ғасыры Ислам тарихында «асрус-са'адат» (алтын ғасыр) деп аталады. Себебі, олар тек өздерінің ғана емес, барша Ислам үмбетінің бақыты үшін жан аянбай күресті. Өмірде адамдар арасындағы, қара халық пен басқарушылардың, әр түрлі дін өкілдерімен қарым-қатынаста ("өзі толық болып, көршісі аш жатқан бізден емес", "бір адамның көңілін қалдыру, Қағбаны жыққанмен тең, зыммиге (мұсылмандардың басқаруын өз еркімен қабылдаған, бірақ мұсылман болмаған өзге діндегі) зәбір көрсетсе, маған зәбір көрсеткендей", "Аллаһтың алдында бүкіл адамдар тең" (ұлтына, жынысына, түсіне, қоғамдық жағдайына қарамастан) яғни, қоғамдық өмірдің барлық саласында Исламның басты ұстанымдарын жасампаз дәстүрге айналдырған сахабалар тарихта теңдесіз із қалдырды.[19]

Олар Мұхаммед пайғамбардан естіген, көргендерінің бәрін халыққа жеткізу үшін көп еңбек сіңірді. Сахабалардың арасында аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермес шешен, ділмәр кісілер де бар болатын. Осыған қарамастан олар Мұхаммед пайғамбар сөйлегенде, зейін қойып тыңдап, айтқанына мойынсұнатындықтары соншалық "оның құзырында басымызға құс қонақтағандай сас сақтық танытып, әрбір сөзіне мұқият ден қоятынбыз"[20]-дейді олар.[21]

Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Ашарату мубашшара

Көзі тірісінде Жәннәтпен сүйіншіленген осы он кісіден бөлек басқалар да бар. Алайда есімдері бірге аталған сахабалар осылар. Аттары аталмаған басқа сахабалар жәннатқа кірмейді деген сөз емес. Өйткені сахабаларға Аллаһ тағала разы екендігін білдіретін Құранда көптеген аяттар бар.[22]

Ашарату мубашшара[23] - сүйіншіленген он

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұхаммед пайғамбар хадисінде былай деген: "Мына кісілер Жәннатқа кіреді:

  1. Әбу Бәкір,
  2. Омар,
  3. Осман,
  4. Әли
  5. Зүбәйір ибн Әууәм,
  6. Талха ибн Ұбайдуллаһ,
  7. Сағд ибн Әбу Уаққас,
  8. Әбу Ұбайда ибн Жаррах,
  9. Абдуррахман ибн Ауф
  10. Саид ибн Зәйд [24][25][26][27][28][29]

Он сахабаның туған, қайтыс болған жылдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жәннатпен сүйншіленген он сахабаның туған, қайтыс болған жылдары [30]
Есімдері Арабша жазылуы туған жылы    Қайтыс болған жылы    
Әбу Бәкір أبو بكر c. 570 634
Омар عمر بن الخطّاب 584 644
Осман ибн Аффан عثمان بن عفّان c. 579 656
Әли ибн Әбу Талиб علي بن أﺑﻲ طالب c. 599 661
Талха ибн Ұбайдуллаһ طلحة بن عبيد الله c. 597 656
Зүбәйір ибн Әууәм الزبير بن العوّام 594 656
Абдуррахман ибн Ауф عبد الرحمن بن عوف ? c. 652
Сағд ибн Әбу Уаққас سعد بن أبي وقّاص 595 664
Әбу Ұбайда ибн Жаррах أبو عبيدة بن الجراح 584 640
Сағид бин Зәйд سعيد بن زيد c. 594 673

Жәннатпен сүйіншіленген басқа сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген Ашрату мубашшара сахабаларынан бөлек басқада сахабалар болған. Алайда есімдері бірге аталған сахабалар Ашрату мубашшара сахабалары. Аттары аталмаған басқа сахабалар жәннатқа кірмейді деген сөз емес. Өйткені сахабаларға Аллаһ тағала разы екендігін білдіретін Құранда көптеген аяттар бар.[31]. Демек, Аллаһ тағала разы болған құлдарын Жәннатқа кіргізері сөзсіз.

Тірі кездерінде жәннаттық деп сүйіншіленген басқа сахабалар[32]

  1. Амр ибн әл-Жамух
  2. Азаншы Біләл әл-Хабаши
  3. Хасан ибн Әли (Пайғамбардың немересі)
  4. Хусейн ибн Әли (Пайғамбардың немересі)
  5. Жағфар ибн Әби Талиб (Жағфар әл-Таййар)
  6. Әл-Ұсайрим Амр ибн Сәбит
  7. Ұкаша ибн Мухсин әл-Әсәди

Намаз оқу нәсіп болмаған сахаба

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әл-Ұсайрим Амр ибн Сәбит, (Арабша: الأصيرم عمرو بن ثابت) - Ұсайрим Ислам дінін қабылдап6 Қаталия шайқасына қатысады. Шайқаста Ұсайрим шейіт болып, намаз оқи алмай кетеді. Себебі күн шыққан соң иман келтіріп, мұсылман болған Ұсайрим, бесін намазының уақытына дейін жете алмай жан береді.[32]

Әділетті төрт халифа

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Әділетті төрт халифа

Алғашқы ислам мемлекетінде Мұхаммед пайғамбардан кейінгі билік басына келген төрт халифа әділдікті орнату, халықты жоқшылық пен азғындықтан құтқару, мейірімділік пен жанашырлық, халықты бір-бірінен бөле-жармай бәріне тең қарау секілді қасиеттері арқылы қайталанбас, біртуар басшылар ретінде адамзат тарихының абыройлы беттеріне ойып тұрып орын алды. Мұхаммед пайғамбар хадисінде былай деген: "Аллаһ сахабаларымды пайғамбарлардан өзге бүкіл адамдардан абзал етті. Әсіресе, мына төрт кісіні: Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлиді қайырлы етті" [24].


Әділетті халифалардың ел басқарған жылдары-Христиан жыл санағы бойынша [33]

Әли ибн Абу ТолибОсман ибн АффанОмар ибн әл-ХаттабӘбу Бәкір

Әділетті халифалар - һижри жыл санағы бойынша [34]
Халифа есімі Халифалық жылы туған, қайтыс болған жылы
Әбу Бәкір 11 жыл - 13 жыл Һижреттен бұрын 38 жыл - 13 жыл
Омар ибн әл-Хаттаб 13 жыл - 23 жыл һижреттен бұрын 27 жыл - 23 жыл
Осман ибн Аффан 23 жыл - 35 жыл һижреттен бұрын 33 жыл - 35 жыл
Әли ибн Абу Толиб 35 жыл - 40 жыл һижреттен бұрын 11 жыл - 40 жыл

Отыз жылдық бұл қысқа заман "Хулафаур Рашидин дәуірі" (әділетті, турашыл халифалар) деп аталады. Осы уақыт аралығында мемлекет басқару ісінде исламдық басқарудың ең тамаша үлгісі көрсетілді. Төрт халифада ел билеген кезеңінде қарапайымдылық пен кішіпейілділікті паш етіп, жұрт сүйіспеншілігіне бөленді.[35].

Мәшһүр сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Хамза ибн Әбдүлмүттәліп
  2. Мусғаб ибн Ұмәйр
  3. Муаз ибн Жәбәл
  4. Халид ибн Уәлид
  5. Біләл Хабаши
  6. Саид ибн Әмир
  7. Әбу Зәр әл-Ғифари
  8. Сәлман әл-Фариси
  9. Абдуллаһ ибн Сәләм

Ғалым сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұхаммед пайғамбар тұсында өмірін Құран мен хадис үйренуге арнаған, діни мәселелерді шешуде үлкен беделге ие ерекше сахабалар болды. Олар халыққа Құран аяттарын пайғамбардан үйренгендеріндей түсіндіріп, діни үкімдер шығарып, бұқараның руханиятына ықпал етіп отырған. Мұхаммед пайғамбар олардың көбісін халыққа Ислам дінін үйрету үшін жан-жаққа мұғалім етіп жіберген. Бұлардың алғашқысы әділетті төрт халифа. Олардан кейінгі сахабалар өз араларындағы ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді.[36]

Рижалул Құран-Құран адамдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бұлар Құран кәрімді ең жақсы білген, керемет оқыған әрі жатқа білген сахабалар. Олар өмірлерінің, уақыттарының көпшілігін Құран үйретуге арнағандар. Олардың арасындағы мәшһүрлері мыналар[37]:

  1. Абдуллаһ ибн Мәсғуд
  2. Сәлім Мәулә Әби Хузайфа
  3. Үбәй ибн Кағб
  4. Муаз ибн Жәбәл
  5. Зәйд ибн Сәбит
  6. Әбу Мұса әл-Әшғари
  7. Әбә Зәйд әл-Әуси
  8. Әмир ибн Фухайра
  9. Әділетті төрт халифа

Әйелдерден[38]:

  1. Хазіреті Айша
  2. Хафса
  3. Үмму Сәлама

Рижалул хадис-Хадис адамдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бұл топтағылар Мұхаммед пайғамбардан естігендерін жаттап , оның іс-әрекетін қаз-қалпында басқаларға жеткізуді өздерінің басты парызы деп білген сахабалар. Олар Мұхаммед пайғамбардың бірде-бір сөзінің із-түзсіз жоғалып кетпеуіне аса ұқыптылық көрсетіп, кейінгілерге жеткізу үшін барлық күштерін салған. Ең көп хадис риуаят еткен (мыңнан аса) сахабаларға терминологияда "муксируун" делінеді. Олар мыналар:[39]

  1. Әбу Һурайра - 5374 хадис,
  2. Абдуллаһ ибн Омар 2630 хадис,
  3. Әнәс ибн Мәлик - 2286 хадис,
  4. Хазіреті Айша - 2210 хадис,
  5. Абдуллаһ ибн Аббас - 1660 хадис.
  6. Жабир ибн Абдуллаһ - 1540 хадис,
  7. Абу Сағид әл-Худри - 1170 хадис риуаят еткен.

Ең көп пәтуа берген сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Хадис риуаят еткен сахабалармен қоса діни мәселелер бойынша пәтуалар айтқан сахабалар да көп болған. Олардың ең алғашқылары - әділетті төрт халифа. Пәтуалары Ислам тарихына байланысты шығармаларда көрсетілген сахабалардың кейбірі мыналар:[40]

  1. Абдуллаһ ибн Масғуд
  2. Муаз ибн Жәбәл
  3. Үбәй ибн Кағб
  4. Абдуллаһ ибн Омар
  5. Абдуллах ибн Аббас
  6. Зәйд ибн Сәбит
  7. Хазіреті Айша

Абдуллаһ есімді сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сахабалардың арасында 200-ге жуық, басқа бір риуаят бойынша 300-ге жуық Абдуллаһ есімді сахаба болған деседі. Бұлардың арасында діни мәселе төңірегінде аттары әйгілі 4 абдуллаһ бар. Оларға терминологияда төрт Абдуллаһ мағынасын білдіретін "абадила арбаға" делінеді. Мұхаммед пайғамбар дүниеден озған соң, көптеген мәселенің шешімі жайында Ислам ғалымдары осы төрт сахабаның көзқарастарына көбірек жүгінген. Олардың бір мәселе төңірегінде төртеуінің де бірдей келісімге келуіне "қаулул Абадила" (төрт Абдуллаһтың келіскен пікірлер) термині қолданылады. Ол 4 сахабаның есімдері мыналар:[41]

  1. Абдуллаһ ибн Масғуд
  2. Абдуллаһ ибн Зубайр
  3. Абдуллаһ ибн Омар
  4. Абдуллах ибн Аббас

"Дар әл-Арқам" сахабалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дар әл-Арқам бин Әби әл-Арқам есімді адамның үйі. Ислам діні ашық жария етіп насихатталғанға дейін Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабалары осы жерде жасырынып намаз оқыған. Бұл жерде Омар бин Хаттаб Ислам дінін қабылдаған. Мәсжид Харамда намаз оқып болған мұсылмандар мешіттің осы жерінен шыққан.[42]

Дар әл-Арқамда жиналған сахабалар:

  1. Әбу Бәкір
  2. Осман ибн Аффан
  3. Әли ибн Әби Талиб
  4. Зәйд ибн Хариса
  5. Сағд ибн Аби уаққас
  6. Жағфар ибн Әби Талиб
  7. Зүбәйр ибн Аууам
  8. Абдуррахман ибн Ауф
  9. Талха ибн Ұбайдулла
  10. Аммар ибн Ясир
  11. Әбу Ұбайда Амир ибн Жаррах
  12. Біләл ибн Рабах
  13. Әбу Хузайфа ибн Ұтба
  14. Мусғаб ибн Ұмайр
  15. Сайд ибн Зәйд
  16. Әбу Зәр әл-Ғифари
  17. Саһб әл-Руми
  18. Абдуллаһ ибн Масғуд
  19. Хабаб ибн әл-Арат

Құранда аты аталған жалғыз сахаба

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Зәйд ибн Хариса

Құранда аты аталған жалғыз сахаба – ЗӘЙД ИБН ХАРИСА (575-629)

Зәйд ибн Хариса ұлты Йемендік. Кәлб руынан шыққан және христиан жыл санағы бойынша шамамен 575, басқа дерек бойынша 588[43] жылы дүниеге келген. Толық есімі Зәйд ибн Хариса ибн Сураһил әл-Кәлби. Сахабалардың арасында Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) сүйіспеншілігіне бөленгендігі себепті әл-Хубб және ұлының есіміне сәйкес Әбу Усама деп те атала беретін. Әкесінің есімі Хариса, ал шешесі Суғда бинти Сағлаба.[44]

Пайғамбар тірісінде имам болған жалғыз сахаба

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бір күні Мұхаммед пайғамбар денсаулығы жамағатқа намаз оқыта алмастай дәрежеде нашарлап кетеді.

Пайғамбардан намазды кімнің оқытатыны сұралғанда,: – Әбу Бәкірге айтыңыздар, намазда имам болсын! – дейді.

Бұдан кейін ол мұсылмандарға имам болып, он жеті рет намаз оқытты. Тіпті бір таң намазында пайғамбарға имамдық ету бақытына да ие болды.[45]

Мұхаммед пайғамбар уақытында Құранды жазып алушы сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құранды жазып алушы сахабалар аяттарды кез келген қолайлы затқа (қағаз, ағаш, тас, терi, сүйек, т.с.с.) жазып отырған. Ислам деректерiне қарағанда, Құран Кәрімдi хатқа түсiрушiлер саны – жиырма тоғыз болған. Олардың iшiнде төрт халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли және басқа сахабалар:

  1. Муғауийа,
  2. Зүбайр ибн әл-Аууам,
  3. Сағид ибн әл-Аас,
  4. Амр ибн әл-Аасс,
  5. Үбәй ибн Кағб,
  6. Зәйд ибн Сәбит.[46]

Мұхаммедтің уахи хатшылары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құран Кәрім Мұхаммедке уахи арқылы түскен. Уахи сөзі - жасырын сөйлесу, сыбырлау, айту, сөйлеу, ишара ету деген мағыналарға келеді[47]. Уахи – Аллаһ тағаланың адамдарға білдіретін илаһи әмірі, жарлығы мен тыйым салуы және басқа да барлық хабарларын Жебірейіл періште арқылы яки бізге беймәлім жолмен тікелей пайғамбарларына жеткізуі [48]. Аллаһ Тағала пайғамбар-елшілеріне кез‑келген қалаған құбылысты не оқиғаны уахи арқылы білдіреді. Уахидің қандай болатындығы мен қалай әсер ететіндігі беймәлім, ол Аллаһ пен пайғамбар арасындағы сырлы сөйлесу халі. Осы уахи етілген Құран аттарын жазыа отыратын хатшы сахабалар болған.[49]

Олардың кейбірі:

  1. Зәйд ибн Сәбит,
  2. Муаз ибн Жәбәл,
  3. Үбәй ибн Кағб,
  4. Әбу Зәйд,
  5. Әду Дарда,
  6. Абдуллаһ ибн Мәсғуд,
  7. Әли ибн Әбу Талиб
  8. Осман ибн Аффан

Пайғамбардың "Құранды мына төртеуінен үйреніңдер" деген сахабалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мұхаммед пайғамбар өз сөзінде былай деген: “Құранды мына төртеуінен үйреніңдер:[50]

  1. Абдуллаһ ибн Мәсғұт,
  2. Үбәй ибн Кәғб,
  3. Муаз ибн Жәбәл
  4. Әбу Һузәйфә.

Елші сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Мұхаммед пайғамбардың елші етіп жіберген сахабалары [51]
Есімі Арабша Руы-тайпасы - Шыққан жері Жіберілген елі Патша немесе басшы есімі Ескерту
Амр ибн Умая عمرو بن أمية Бәни Дамра Эфиопия Нажаши патша
әл-Ғалау бин әл-Хадрами العلاء بن الحضرميّ Хадрамауттан Бахрейн әл-Мунзир ибн Сәуи патша
Абдуллах ибн Хузафа عبد الله بن حُذَافة Бәни Сәһм Парсы елі Кисро патша
Дихйя ибн Халифа دِحْية بن خليفة Бәни Кәлб Рум империясы Қайсар - Гераклюс Жәбірейіл періште кейде Мұхммедке уахиді

адам бейнесіне әкелетін. Бұл уахи алудың ең жеңіл түрі.

Риуаят бойынша, Жәбірейіл көбіне Дихйя есімді

сахабаның бейнесінде келетін болған[52]

Хатыб ибн Әби Бәлтаға حاطب بن أبي بلتعة Бәни Лахм Мысыр Муқауқас патша
Сәлит ибн Амр سَلِيط بن عمرو Бәни Амир Ямама Һәузә ибн Али
Шужағ ибн Уәһб شجاع بن وهب Бәни Әсәд Дамаск әл-Харис ибн Әби Шәмір
Мусғаб ибн Ұмәйр مصعب بن عمير Мекке тұрғыны Медине қаласына Медине халқы Мединеліктерге Исламды үйрету үшін жіберілген алғашқы елші
Муаз ибн Жәбәл معاذ بن جبل Ансарлардан Йемен Йемен халқы Йемендегі Әһли китап (Кітап иелері: яһудилер мен христиандар)

қоғамына Исламды үйрету үшін жіберілген

Харис ибн Үмәйр الحارث بن عمير الأزدي Грекия Грек патшасына Шам әкімі Шархабил ибн Амр әл-Ғссани тарапынан өлтіріледі. Харис ибн Үмәйр Пайғамбардың елшілерінен – ең алғашқы әрі соңғы шейіт.

Пайғамбардың азаншы сахабалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ибн Омардың айтуы бойынша, Мұхаммед пайғамбардың екі азаншысы болған. Оның бірі – Біләл әл-Хабаши, екіншісі – Абдуллаһ ибн Умми Мактум.[53]

Сахаба аналар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ислам дінінің қанат жайып, кең тарауында ер сахабалар қалай қызмет етсе, жаужүрек ұрпақ тәрбиелеп, Аллаһ пен оның пайғамбарының жолында солардан қалыспай шыбын жанын пида еткен әйел сахабалар да болған. Олардың қатарында жәннатпен сүйіншіленіп, Құранда аттары аталып, Мұхаммед пайғамбардың ілтипатына ие болған, һижрет еткен, соғыстарға қатысып ерлік көрсеткен, Аллаһ үшін шейіт болуды аңсаған, қолынан келген жақсылықты аямай, қиындықтарға төзе білген жанқияр сахабалар да бар.

Сахаба аналардың ең әуелгілері ретінде Мұхаммед пайғамбардың өмірін әрлеп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсеткен оның пәк жұбайлары келеді. Олар - муминдердің анасы, уахи көктен құйылып түсіп жатқанда пайғамбарға серік болған, Аллаһтың әмірлерін, әсіресе, жанұяға байланысты ой-шұқырлы мәселелерін бізге жеткізген мүбәрак жандар.

Ислам діні келген кезде алғаш иман келтірген адам ол әйел. Ол бақытты әйел - мүминдердің анасы Хадиша.

Тектілік жағынан хазіреті Фатима. Өз дәуірінде ілімі жағынан кемел, діни қызметтерімен пайғамбардың үйреткенін тарату жолында Айша ана өзі бір бөлек төбелік танытқан.[54]

  1. Хазіреті Хадиша
  2. Айша Әбу Бәкір қызы
  3. Фатима - Мұхаммед пайғамбардың қызы,
  4. Умму Умара
  5. Сафиия Әбдулмутталиб қызы
  6. Сүмәйра Қайсқызы
  7. Сүмәйя Хуббатқызы
  8. Үмму Айман

Сахабалардың ең соңғы қайтыс болғандары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ақаба келісімнде болғандардан: Жәбир ибн Абдуллаһ ибн Амр ибн Харам
  2. Бәдір шайқасына қатысқандардан: Әбу әл-Яср Кағб бин Амр
  3. Мұһажрилерден: Сағд ибн Аби Уаққас
  4. Меккеде қайтыс болған соңғы сахаба: Абдуллаһ ибн Омар
  5. Мединеде: Сәһл ибн Сағд
  6. Куфада: Абдуллаһ ибн Аби Әуфа
  7. Басрада: Әнәс ибн Мәлик
  8. Мысырда: Абдуллаһ ибн әл-Харис
  9. Шамда: Абдуллаһ ибн Бәср
  10. Хорасанда: Бурайда [55]

Қазақ тіліндегі сахабалар жайлы кітаптар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Саңлақ сахабалар. Авторы: Алау ӘДІЛБАЕВ. 2010 жылы «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» басып шығарды. ISBN 978-601-06-1121-4. Қатты мұқаба, 336 беттен тұрады. Көлемі: 210 x 133 x 20 Тиражы: 25000 дана. Аталмыш кітапта Мұхаммед пайғамбардың соңынан ерген саңлақ сахабаларының өнегелі өмір жолы, Ислам дінін таратуда жұмсаған қажыр-қайраты, көзсіз батырлықтары мен ерен еңбектері тарихи деректермен көркем суреттелген. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған. Кітапты Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған. Жалпы редакциясын басқарып, алғы сөзін жазған – Әбсаттар қажы Дербісәлі.
  2. Сахабалар салған сара жол - 2 томнан тұрады. Авторы Мұхаммед Юсуф Кандахлауи. Кітап Көкжиек баспасынан 1-томы 2010 жылы, 2-томы 2011 жылы шыққан. Аталмыш кітапта Ислам дінінің араб түбегінен бастап төрткіл дүниеге таралуында көп қажыр-қайрат жұмсап, орасан еңбек сіңірген сахабалар өмірі сөз болған. Әрбір сахабаның Мұхаммед пайғамбармен таныстығынан бастап, мұсылмандықты қабылдауына түрткі болған оқиғалар, сол кездегі иман мен күпірдің өзара арпалысы, Ислам нұрының қалай кең тарағаны, ізгі қоғам қалыптастырудағы әрбір сахабаның алар орны, көрсеткен ерліктері мен сол кезеңдегі боямасыз шынайы оқиғалар баяндалған. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған. Кітапты Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. a b Ибн Манзур, Лисануль Араб, Каир. 2400-1, схб.
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
  3. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 14-бет.
  4. Хашр сүресі, 9 аят
  5. Бұхари, Сахахи, Бейрут, манақибуль ансар. 1,2. Муслим, Сахих. Бейрут, зекет 132-141.
  6. В.Йылдыз, Хидает йылдызлары, Измир, 2002, 4-5
  7. a b Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 16-бет.
  8. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 18-бет.
  9. Хаким, Мағрифату улумуль хадис, 22-24.
  10. a b Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 20-бет.
  11. И.Атасой, М,Паксу, Сахабилер ансиклопедиси, Иени Асия, Стамбул. 1993, 1;19
  12. Құран кәрім, Әли Имран сүресі, 110-аят.
  13. Құран кәрім, Фатх сүресі, 29-аят.
  14. Құран кәрім, Әнфал сүресі, 74-аят.
  15. Құран кәрім, Тәубе сүресі, 100-аят.
  16. Бұхари, Фадаилус сахаба, 5; Муслим, Фадаилус сахаба, 221.
  17. Бұхари, Фадаилус сахаба, 5; Муслим, Фадаилус сахаба, 221.
  18. Ажлуни, Кашфул хафа, Бейрут, 1351, 1:132.
  19. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 26-бет.
  20. Бұхари, Жихад, 37; Абу Дауіт, Сунан. Ихйяус суннатин набауия, Тыбб, 1.
  21. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 26-бет.
  22. Қараңыз: Мәидә, 119; Тәубе 110; Фатх, 118; Мужәдәлә, 22; Бәййінә, 8
  23. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 31-бет.
  24. a b Хадис
  25. رواه الترمذي في سننه عن عبد الرحمن بن عوف، رقم: 3680.
  26. رواه ابن حجر العسقلاني في كتابه تخريج مشكاة المصابيح، عن عبد الرحمن بن عوف، ج5، ص436.
  27. رواه السيوطي في كتابه الجامع الصغير، رقم: 73، عن عبد الرحمن بن عوف و سعيد بن زيد، وقال عنه: صحيح.
  28. رواه أحمد بن حنبل في مسنده عن عبد الرحمن بن عوف، ج3، ص136، وصححه أحمد شاكر.
  29. رواه النسائي في كتابه سنن النسائي|السنن الكبرى عن عبد الرحمن بن عوف و سعيد بن زيد، رقم:8193، و8194.
  30. Ағылшын Уикипедиясы
  31. Қараңыз: Мәидә, 119; Тәубе 110; Фатх, 118; Мужәдәлә, 22; Бәййінә, 8
  32. a b Араб Уикипедиясы
  33. Ағылшын Уикипедиясы
  34. Арабша Уикипедия
  35. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 34-35 беттер.
  36. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 251-бет.
  37. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 251-бет.
  38. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 251-бет.
  39. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 252-бет.
  40. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 252-бет.
  41. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 253-бет.
  42. Ламашәріп Қайрат Қайырбекұлы – Қажылық-مناسك الحج, Алматы-2010, 80-бет.
  43. Ағылшын Уикипедиясы
  44. Нұр Отау сайты Мұрағатталған 14 шілденің 2014 жылы.
  45. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 51-бет.
  46. Құранның жинақталу және сақталу тарихы, Абдуссамад Махат Мұрағатталған 2 ақпанның 2012 жылы.
  47. Иман негіздері. Смайыл Сейтбеков. 286 бет.
  48. Қасиетті Құран. ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ, Алматы: «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры», 2010, 6 бет
  49. Иман негіздері. Смайыл Сейтбеков. 286 бет.
  50. Бухари, тәжриди сарих тержумеси, 2, 353-354.
  51. "Шейх Араб" сайты, араб тілінде Мұрағатталған 2 қаңтардың 2012 жылы.
  52. Ислам ансиклопедиси, Түркие Диянет Вакфы, Анкара, 9 том, 294 бет.
  53. Қалижан қажы ЗАҢҚОЕВ, «Ислам және өркениет», №30 (174), 21-31-қазан, 2009 ж.
  54. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 291-бет.
  55. Араб Уикипедиясы
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Sahabah