Мазмұнға өту

Табан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Табан (лат. pes) — бір-бірімен буындасып жалғасқан сүйектерден тұратын аяқтың төменгі бөлігі.


Табан сүйектері өкше, бақайшақ және аяқ саусақтарының сүйектерінен құралған. Өкше сүйектеріне нағыз өкше сүйегі, тепкіш, қайық, сына, куб тәрізді сүйектер жатады. Бұлардың өсуі бойжеткендерде 16-18, жігіттерде 18-20 жасқа дейін байқалады.

Бақайшақтар бес ұсақ жұмыр пішінді әртүрлі сүйектерден тұрады. Қыздарда — 17, жігіттерде — 20 жасқа дейін өседі.

Бес саусақ сүйектерінің төртеуі 3 сүйектен, ал бас бармағы 2 сүйектен қүралған, бір-бірімен буындасқан сүйектерден тұрады. Ең алдымен І-саусақтардың сүйектері өсе бастайды да кейіннен IV-V саусақтар сүйектері жетіледі. Барлығының өсуі 15-20 жаста аяқталады.

Табан сүйектері бір-бірімен буын арқылы күмбезденіп қосылған. Табан күмбезі баланың аяғын басу барысында толық қалыптасады. Табан күмбезі сүйектерді мықтап бекітіп тұратын тарамыстардың даму барысында пайда болып, табанға күш түскенде оның күмбезі төмендейді. Табан күмбезінің дұрыс қалыптасуына тар аяқ киім, ауыр жүк тасу, ұзақ уақыт табанға күш түсіріп, кішкентай баланың түрегеліп тұруы, сол сияқты мешел ауруында да кері әсер етеді. Мұндай да жалпақ табан пайда болады. Жалпақ табанда баланың сымбаты бұзылады, қан айналысы нашарлап аяқ тез шаршайды. Жалаңаяқ жер басып жүру, бұлшық еттерді күшейтетін түрлі жаттығулар, спорт ойындары жалпақ табанның алдын алады, яғни оны болдырмайды, табан күмбезін дұрыс қалыптастырады.

Табан күмбезі 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киімді киюге болмайды. Себебі ондай аяқ киімдер табан күмбезінің дұрыс қалыптаспауына байланысты аяқты тез шаршатады. Балалар мен жастардың аяқ киімдерінің өкшесі 1,5-2 см болғанда табан күмбезі жақсы болып, табан еттері мен сіңірлері жақсы дамиды.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Foot