Тасис
"Тасис" бағдарламасы - еуропалық одақтың жетекшілігімен даярланған. "Тасис" бағдарламасының мақсаты – ТМД елдеріне (Балтық) жағалауы елдерінен басқа) нарықтық экономикаға өту, демокр. қоғам қалыптастыру кезеңіндегі қиындықтарды шешуге жәрдемдесу. Бағдарлама қайтарымсыз негізде жұмыс істейді. Оның шеңберінде еуропалық тәжірибе мен жергілікті кәсіби дағды, білімді үйлестіре отырып мемлекеттік және жеке ұйымдарға “ноу-хау” тапсырылады. "Тасис" бағдарламасы тікелей ақшалай қаражат бермейді, бағдарлама кеңесшілер, сарапшылар жіберу, қажетті зерттеулер жүргізу, кәсіби даярлау және оқыту, құқық-тық база қалыптастыру, жобалар жасау түрінде, яғни техникалық жәрдем береді. Сонымен бірге бағдарлама өзге халықаралық ұйымдардың инвестициялық ресурстарына жол ашады.
1995 ж. 23 қаңтарда Брюссель қаласынданда Қазақстан мен Еуропалық одақ (ЕО) арасындағы өзара серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл келісімді мақұлдау туралы заң 1997 ж. 26 мамырда қабылданып, 1999 ж. 1 шілдеде күшіне енді. Келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы саяси, экон. және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған негізгі құжат болып табылады. Ол екі тараптың да демократияны, адам құқығының сақталуын, заң үстемдігін және нарықтық экономиканы нығайтуға деген ұмтылысын үйлестіреді. Сондай-ақ жүйелі саяси диалогқа, ашық сауда және инвестициялық режимдерге жол ашады, Қазақстанның халықар. стандарттарға өтуіне септеседі. Сонымен қатар келісімде 27 бағытта бірлесе қызмет ету қарастырылған. Келісімде қарастырылған бағыттарды жүзеге асырудың негізгі құралы "Тасис" бағдарламасы болып табылады.
Қазақстанға 2002 жылға дейін "Тасис" бағдарламасы шеңберінде техникалық көмек “Бистро” (100 мың ЕВРО көлеміндегі жобалар); мемлекттік билік органдарына, Парламентке саяси және құқықтық кеңесшілік ету; “Темпус” (Қазақстан мен ЕО жоғары оқу орындарының тәжірибе алмасуы); “Лиен” (азаматтық қоғам); қалалардың өркендеуі бағдарламалары бойынша көрсетілді. Сонымен қатар ЕО серіктес елдер үшін мемлекетар. бағдарламалар даярлады: “Иногейт” (Каспий маңы елдеріне мұнай құбырларын жақсарту және жаңа бағыттарда құбырлар жүргізу үшін инвестиция тартуға септесу); “Трасека” (Еуропа мен Орт. Азия арасындағы тасымал өткелін дамытуға инвестициялық және техникалық көмек көрсету жобалары); экол. бағдарлама; “Eurostat” (статистика саласында бірлесу).
1991 жылдан бері ЕО "Тасис" бағдарламасы шеңберінде Қазақстанға 119,5 млн-нан астам АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз негізде қаражат жолдады. Қазақстанда техникалық көмек көрсетудің басым бағыттары ретінде: институционалды, заңшығарушылық, әкімш. реформаларға септесу; ауыл шаруашылық және ауыл шаруашығы өндірісі; инфрақұрылымдарды дамыту; экономиканың дамуы және жеке сектор; қоршаған ортаны қорғау салаларына көмек көрсетілді. Сондай-ақ статистика саласындағы реформаларға, саяси кеңесшілікке, кеден қызметін жетілдіруге, “Темпус”, “Лиен”, “Бистро” бағдарламаларына қаражат жұмсалды. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау мин-нің халықаралық экономикалық және қаржылық қатынас департаменті сыртқы көмекті үйлестіру бөлімі ТАСИС-тің Қазақстандағы Ұлттық үйлестіруші бюросы болып табылады.
Бюро ЕО-ның техникалық көмегін үйлестіру барысында көмек қабылдаушыларды хабардар етеді, сұрауларды іріктейді, еуропалық тараптармен келіссөздер жүргізеді, жобалардың мониторингін жасайды, көмек жобаларының тиімді орындалуын қамтамасыз етеді, орындалған жобаларды бағалауды іске асырады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы