Трапп
Трапп (швед. trappa' – баспалдақ) – баспалдақ тәрізді бөлінетін негізгі магмалық тау жыныстарының (диабаз, габбро-диабаз, габбро, долерит, базальт) жалпы атауы.
Трапп терминінің нақты петрографиялық мағынасы жоқ. Трапп құрайтын тау жыныстарының құрамына: моноклиндік пироксен, оливин, негізді плагиоклаз, магнетит, апатит сияқты минералдар, кейде ромбылық пироксен мен биотит кіреді. Құрылымы офитті, кейде микролитті. Трапп жатысы жайпақ, шар тәрізді бөлшектенетін лава тасқындарын және туфтар мен интрузиялардың қабаты түріндегі денелерді құрайды. Трапп жер қыртысының платформалық аймағына тән құрылым. Ол Шығыс Сібірде (Тұнғыс өз-нен солтүстік бағытта), Үндістанда (Декан қыраты), Оңтүстік Африка мен Оңтүстік Америкада (Парана өзені бойында), т.б. кездеседі. Трапптар пермьнен юраға дейінгі аралықта магманың бірнеше рет енуінен, төгілуінен қалыптасқан. Оның қалыңд. 2000 м-ге дейін жетеді. Трапптардың қалыптасуына себепші болатын магмалық жіктелу процестеріне сульфидтік мыс-никель кендері (Норильск кентасты аймағы), платина (Оңтүстік Африка) және темір кендері байланысты келеді. Постмагмалық-гидротермалдық процестер кезінде пайда болған исландия шпатының кендері, алмас кендері байланысқан кемберлиттер де Трапптарда кездеседі. Трапптардың көмірмен жапсарласу орындарындағы жапсарлық метаморфизм жағдайында графит кендері қалыптасады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |