Жатсыну

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Жатсыну (rus. отчуждение) – адамның іс-әрекеті мен оның нәтижелерінің ерекше, дербес күшке айналуын бейнелейтін философиялық категория. Белгілі жағдайларда бұл күштер өзін тудырған адамға қас болып, оған үстемдік ету дәрежесіне жетеді. Соның салдарынан адам белсенді субъекті болудан қалып, қоғамдық процестің объектісіне айналады. Жатсыну адам іс-әрекетінің тарихи ерекшелігі мен оның нәтижелерінің қоғамға қатынасын, антагонистік формациялардағы әлеуметтік өмірдің адамның жеке басына тигізетін аздырушылық әсерін сипаттайды. Жатсынудың түп-тамыры, негізі еңбек бөлінісінде. Жатсыну мәселесі буржуазиялық қатынастардың қалыптасуынан туды. Қоғамдық шарт теоретиктері (Гоббс, Руссо т.б.) тауарлық қатынастардың заңды-құқықтық түрлерін айқындай келе, жатсынудың жеке адамдардың өз құқығын саяси ұйымдарға артуы нәтижесінде туады деп түсіндіреді. Немістің классикалық философиясы жатсыну мәселесін идеалистік тұрғыдан адамның іс-әрекеті мен белсенділігіне байланысты қарады. Гегель философиясындағы басты мәселелердің бірі болды.[1]

Гегель
  • Біріншіден, жатсынуды Гегель абсолюттік рухтың табиғат пен тарихтағы объективтенуі ретінде қараса,
  • Екіншіден жатсынуды буржуазиялық қоғамның өзіне тән ерекше мәселесі деп зерттейді.

Фейербах жатсыну категориясын идеализм мен дінді сынау үшін пайдаланды.

Фейербах

Фейербах дін адамның өз күшін құдіреттің күшіне айнлдырып, оны адамның өзіне қарама-қарсы қояды дейді. Жатсыну мәселесін марксизм еңбек бөлінісі мен жеке меншікке негізделген, тарихи қалыптасып үнемі өзгеріп отыратын қоғамдық қатынастардың ішкі мәні деп қарайды. Маркс пен Энгельс жатсынудың рухани саласындағы түрлерін (дін, идеалистік философия т.б.) талдап, кейіннен қоғамның саяси өмірінде мемлекеттің бюрократтануын зерттейді. «1844 жылдағы философиялық-экономикалық қолжазбаларында» К.Маркс жатсыну мәселесін ұғынудың негізгі түйініеңбектің жат болуын түсінуден басталады дейді. Антагонистік қоғамның жағдайларында жұмысшы өндіріс процесі мен еңбекке сырт күштер деп қарайды. Себебі жұмысшы еңбегінің нәтижелері басқаның, жеке капиталистің не мемлекеттік капиталдың қолына көшеді де, сол жұмысшының өзіне қарсы және оның өзін бағынышты етеін ерекше күшке айналды. К.Маркс өзінің фетишизм жөніндегі ілімінде заттардың субъектіге, ал субъектінің керісінше затқа айналу процесі қатынас формасындағы капиталды заттық формаға, қоғамдық қатынасты бойына мүлде сіңіріп алған ерекше затқа айналдырады дейді. Сөйтіп, адам заттандырылған қоғамдық күштердің кейпіне ие болады: капиталист капитал кейпінде болса, ал жұмысшы жалдамалы еңбек кейпіне түседі. Адамдар арасындағы қатынастардың бәрі дерлік әлеуметтік міндеттерді орындаушылар арасындағы қатынас болып қалыптасады.

Жатсыну және әлеуметтік институттар (қоғамдық қатынас нормалары).

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әлеуметтік институттардың қайсысы болмасын адамдардың іс-әрекетінде пайда болып, белгілі жағдайда адамдар арасындағы қатынастарды реттеу міндеттерін атқара бастайды.
Әлеуметтік институт ретінде қалыптасқан таптық мемлекет жеке адамдардың күнделікті өмір жағдайларына жат болады. Тарихи дамудың нәтижесінде жатсынудың бұл түрі тереңдей түеді де, мемлекеттің жойылуына жағдай туады. Әлеуметтік институттардың шегіне жеткен бюрократияға, иерархиялық жүйеге айналуының өзі де осы жатсынудың салдарынан.[2]

Жатсыну және мәдениет

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Таптық антагонистік қоғамда жатсыну материалды өмірді ғана емес, бүкіл рухани өмірді де қамтиды. Сананың ерекше жалған түрлері (дін, идеология және т.б.) қалыптаса бастайды. Таптық сана үстем таптың еркі мен мақсатын көздейтін, әлеуметтік шындықты теріс түсіндіретін идеологияға айналады.
Мәдениеттің өзі жіктеліп «бұқаралық мәдениет» пен «элиталық (таңдаулылар) мәдениет» қалыптасады. Мәдениетте иррационалдық ағымдар пайда болады. Еңбек бөлісінің салдарынан ғылым саласында да жатсыну процесі өріс алады. Қазіргі ғылым дамуында жеке ғалым ғылымның тұтас бір саласын қамтуы мүмкін емес. Сондықтан олар зерттеудің кейбір жақтарын, үзінділерін есептеу, көмекші операциялар сияқты жеке міндетті ғана орындайды. Қазіргі заманда империализмнің ғылым жетістктерін соғыс мақсатына, бүліншілікке пайдалануының өзі ғылымдағы осы жатсынудың айқын айғағы. Жатсынуды жою мәселесі – қоғамның даму тенденциясының бейнесі. Коммунистік қоғамның техникалық базасы болып отырған автоматтанған өндіріс, еңбектің барлық түр-сипатын түпкілікті өзгертіп, жұмысшыны өндірістің негізгі орындаушысы міндетінен құтқарады. Сөйтіп жұмысшы өндіріс процесін бақылаушы, реттеуші және басқарушы қызмет атқаратын болады. Әлеуметтік институттардың жойылуы қоғамдық өмірді ұйымдастырудың жойылуы емес, тек оның формасының өзгеруі (еңбектің қоғам қажетіне сай жоспарланған түрде саналы бөлінуі). Коммунизм нағыз гуманизмді жүзеге асыратын қоғам. Онда адамның жан-жақты жетілуі қоғам байлығының өлшемі болмақ.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақ Совет Энциклопедиясы”, ІІІ том
  2. Эрнест ван ден Хааг Жатсыну (орысша). — «Скепсис» порталының мақаласы.
  3. Бертел Оллман Жатсыну (ағылшынша). — «DIALECTICAL MARXISM» порталының мақаласы.