Адам ата
Адам ата ﵇ | |
араб.: آدم | |
Туған күні |
уақыттың басында |
---|---|
Туған жері | |
Қайтыс болған күні |
уақыттың басында (1000 жыл өмір сүрді) |
Қайтыс болған жері | |
Қызметі |
Бірінші адам, адамзаттың ұрпағы, алғашқы пайғамбар |
Жұбайы | |
Балалары |
Қабыл, Әбіл, Шис |
Адам ата (араб.: آدم; ивр. אָדָם) — Тәурат, Інжіл, Забур және Құран секілді Ибраһимдік діндердің діни кітаптары бойынша Құдай өзі жасаған ең алғашқы адам. Тәуратта адамзатты Құдай кеудесіне рух үрлеп, өзіне ұқсатып топырақтан жасағаны айтылады, «Топырақтан жаралғансың, топыраққа қайта айналарсың» (Тәурат, 3:19) делінеді.
Інжіл бойынша, "адам" сөзі есімдік болып, "адам тектестердің" топтық ұғымы ретінде айтылған. Ол бойынша, Адам делінетін алғашқы ақылды жан иесі адамаһтан (adamah, топырақ) жаратылады. Бірақ адам Шектеулі алманы жеп, жер бетіне қуылады.[1][2]
Құранда да Адам – бірінші адамзат. Ол жылан аздырған Хауа ананың сөзіне еріп, алманы жегені үшін киелі Бақтан жерге қуылады.[3]
Аңыздың кітаби төркіні
Көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша, Тәураттағы Адам Атаның дүниеге келуі туралы баянды Парсы империясы орта-шығыста дәурендеп тұрған б.з.д. 5-4 ғасырларда еврей оқымыстылары жазған көрінеді.[4]
Жаралым 1 де, Құдай дүниені және ондағы тіршілікті жаратқаны туралы, адамзат оның соңғы жаратылысы екені айтылады. "Әйел де, ер де содан жаралған, игілікке ие болған, және Адам деп аталған" дейді.(Жаралым 5:2) Құдай адамды жаратқан соң оларды өсіп-өркендеткен, судағы балыққа ие болып, ауада ұшқан құс, жүгірген аң, жер бетіндегінің бәрін, тіпті өрмелегендер мен жорғалағандарды түгел басқаратын етті" дейді. (Жаралым 1.26-27).
Жаралым 2 де, Құдай "Адам" атты жеке ер адамды жаратып, жердегі топырақты көтеріп, оның мұрнынан өмір (жан) үрледі" делінеді. Құдай сосын бұл бірінші адамды Еден деген баққа орналастырған. Ондағы барлық ағаштардың жемісін еркін жеуіне болады, тек жақсылық пен жамандық білімінің ағашынан жеміс жемеуді талап етеді, оны жесе өлетіндігін айтады. Ол жалғыз болмасын деп, барлық хайуандарды әкеліп оған тән еткен, бірақ адам оған қанағаттанбаған. Сондықтан Құдай ол ұйықтап жатқанда әйелді жасайды.(Жаралым 2:7-22)
Ислам
мақалалар тізбегінің бөлігі |
Елшілер мен пайғамбарлар |
Адам ﵇ • Ыдырыс ﵇ |
Жаралым 3 те, қуылу туралы айтылады. Бір жылан әлгі әйелдің (Хауа ана) құлағына Құдайға бойұсынбауды үгіттеп, білім ағашын жеп, дана болуды айтады. Әйел Адам атаны да үгіттейді, сөйтіп олар шектелген жемісті жейді, бұдан олардың санасы ашылады, ұялуды біліп, ұятты жерлерін жабады, жақсылық пен жамандықты ажырата алатын болады. Құдай Адамнан сұрайды, Адам әйеліне жабады. Құдай алдымен жыланды жазалап, оны бауырымен жорғалайтын етеді, адам баласын оған өш етеді; сосын әйелді бала көтергенде қиналатын, туу азабын шегетін етеді, ал Адамды жер бетінде еңбек етіп, өз нәпақасын қара терін ағызып табатын етеді. Сосын оларды Бақтан қуғындайды, олар Тіршілік ағашының жемісін жегендіктен, өлмейтін күйінен айрылып, уақыттық өмір сүретін болады. Еврей және Христиан діндері бойынша, бұл "Алғашқы күнә" делінеді.
Жаралымның 4 бөлімі, Адамның ұлдары Әбіл мен Қабылдың әңгімесін айтады. Әбіл егінші, Қабыл қойшы болады, Құдай Қабылды жақсы көреді, Әбіл қызғанып, Қабылды өлтіреді.
Құран және Адам
Құранда бұл тақырып әр тұста шашырай айтылғанмен, кеңейтіле баяндалған: «Сыңғырлап тұрған кепкен балшықтан тиісті мүсінге келтіріп, адамды Біз топырақтан жараттық» (Құран Кәрім, «һижір» сүресі. 15:26), «Адамды Ол ұйыған қаннан жаратты» («Алақ» сүресі, 96:2), «Біз сендерді (Адам атаны) әуелі топырақтан жараттық. Оның нәсілін (рухтан) жыныстық тамшыдан, кесек еттен (құрап) жараттық.
Ислам |
---|
Бұл мақала келесі тізімдеменің бір бөлігі: |
Біз мұны тектеріңді білу үшін айтып отырмыз» («Хаж» сүресі. 22:5). Тәуратта Құдай әмірі Адам Атаны жаратумен шектелсе, Құранда Алла әмірі адамзат ұрпағының бір-бірінен өрбіп дүниеге келуін түгел қамтиды. Сондай-ақ Тәуратта «Құдай адамды өзіне ұқсас қып жаратты» (Тәурат. 1:27) делінген. Уақыт жағынан дүниеге кейін келген Інжілде Иса (Йисус) пайғамбардың адам кейпіндегі Құдаймен жүздесуі осы тұжырымнан бастау алған. Еуропада Құдайды адамға ұқсатып суретін салу – бәрі-бәрі осыдан. Ал Құранда «Адамды біз сөз жоқ, әдемі мүсінде жараттық» («Тин» сүресі. 95:4) деумен ғана шектелген.
Бұл мәселе де дін әлемінде тоқтаусыз талас тудырумен келеді. Алайда, «Ықылас» сүресінде (112:1-4) «Сен айт: Алла жалғыз де, Алла – мәңгілік. Ол тумаған да туылмаған. Оған ешбір теңдес жоқ» деген аят тәураттық, інжілдік тұжырымдарға қарама-қарсы, яки Алла Адам Атаға не Адам Ата Аллаға ұқсас болуы мүмкін емес. Адам Ата ұжымақта жаратылып, ұжымақта ғұмыр кешті. Аспаннан түсті делінетін киелі кітаптардың қай-қайсысы да ұжымақтың жан рахат ғажабын тамылжыта жазған. Жәннат бағында адамға қорек болатын жеміс ағаштарымен қатар өмірлік мәні зор киелі ағаштар да жеткілікті. «Өмір ағашы», «әлемдік діңгек ағашы», «қайырымдылық ағашы», «қуаныш ағашы», «мерей ағашы», «билік ағашы», т.б. Адам Ата ұжымақта жай ғана серуендеп жүрмейді, жеміс ағаштарын бағып-күтіп бағбандық қызмет те атқарады. Құдіреті күшті Алла оны алғашқыда бағбан етіп жаратқан еді, кейін бақташылық жұмысты да қосып беруді қолай көрді. Алла өзінің сүйікті жаратқанын сыртынан бақылап жүріп, оның сұхбаттасатын серігі болмағандықтан көңілі жүдеп жалғызсырайтынын аңғарды. Алла тағала оны ұйықтатып тастады да, қабырғасын шығарып алып, Хауа Ананы жаратты.
Аңыздардағы Адам ата
Аңыз бойынша Адам Атадан әлемдегі барша адамзат ұрпақтары тараған. Алла тағала Адам Атаға ерекше ілтипат көрсетіп, кеудесіне жан кіргізген соң, ілім-білімге, зиялылыққа үйретеді. Барлық періштелерге оның алдында бас иіп, бағынуға бұйырады. Бірақ Ібіліс Адам Ата мен Хауа ананы өз үгітіне иландырып, ақыр соңында олардың пейіштен қуылуына себепші болады. Бір күні олар серуендеп келе жатқанда ән-жыр, зәйтүн (Тәуратша – ізгілік пен зұлымдықты тану) ағашының бұтағында ширатылып жатқан жылан – Ібіліс Хауа анаға қарап тіл қатып, не себепті мына ағаштардан дәм татуға тыйым салғанын сұрады. «Біз күнәһар болмасын дегені ғой (Тәуратша: «Өліп қалмасын»), – деп жауап қатады Хауа Ана.
Жылан кейпіндегі Ібіліс жымысқы жымиып, жанашыр қамқоршыдай жәдігөйлене сөйледі. «Бұл ағаштың жемісін жеуден тыюы – Тәңір сендерді періште болып кетпесін, ұжымақта мәңгі қалып қоймасын дегеннен басқа түк те емес» («Әғраф» сүресі. 7:12). Сөйтіп ол әзәзілденіп, Алла тағаланың өзі жаратқан пендесін күнәдан сақтамақ болған ниетін тонын теріс қаратып басқаша түсіндірді... Ібіліс жемісті үзіп алып аузына салып, құмардан шыққандай сүйсіне талмады. Осы тұстарды көне кітаптар әр түрлі уәждейді: бірі – жемісті үзіп алып берген жылан не жылан кейпін киіп, жыланша сөйлеп тұрған Ібіліс десе, екіншісі – қол созып жемісті үзіп алған Хауа Ананың өзі дейді. Үзіп жатқанда Әзірейіл періштенің елесін көрген. Алайда көңілі шын құлап кеткендіктен нәпсісін тыя алмаған. Тыйым салынған ағаштан өзі жегенімен тұрмай, Адам Атаға да жегізген... Ауызекі әфсаналар Адам Ата жемісті талмап жұта бергенде, бір періште жұтқызбаймын деп тамағына жармасқан.
Ер адамның кеңірдегіндегі түйіншек тұрып қалған сол жемістің дәні екен-мыс деп хикаялайды. Іле-шала ерлі-зайыпты екеуінің көзінен жанарларын көлегейлеген перде сыпырылып түскендей болғанда, олар алғаш рет бір-бірінің жалаңаш тәнін көріп, ұялғаннан жапырақтармен әбүйірлерін жасырған. Жаратушы жәннат бағына серуенге шыққанда оның келе жатқанын аяқ тықырынан естіген Адам Ата мен Хауа Ана бұтаның тасасына бой бұғып, жасырынып қалады. Ол «Қайдасың?» деп Адам Атаны дауыстап шақырғанда бұлар тасада тұрып: «Ұжымақты аралап келе жатқан аяғыңның сыбдырын алыстан-ақ естідім. Бір жағынан қорқып, бір жағынан жалаңаштығымнан ұялып, жасырынып тұрмын», – деп тіл қатады Адам Ата. «Жалаңаш екеніңді қайдан білдің? Мен тыйым салған ағаштан дәм татқаннан саумысың?» – деп қайыра сұрады Алла. Адам Ата болғанды болған күйінде баян етіп, кінәні әйеліне жапты. Ал Хауа Ана болса азғырып, жолдан тайдырған жылан екенін айтып қарғанады. Болған жағдайды есітіп қаныққан Алла қаһарын тігіп, қатты ашуланады. Адам Ата мен Хауа Ана: «Тәңіріміз! Біз өзімізге өзіміз кесір жасадық. Егер бізге өзің кешірім етіп, рақым қылмасаңыз, онда біздің сөзсіз құрығанымыз» («Әғраф» сүресі. 7:23) деп жазықты екендерін мойындап, өлердегі сөздерін айтып, Жаратушыға жалбарынған. Періштелер де күбір-сыбыр үндерімен бұлардың жағында екендерін сездіріп, Алла тағаланың қас тіккен қаһарын жұмсартуға тырысқан. Алды кеніш, шексіз мейірімді Құдіретті ием күнәһарлардың шын тәубелеріне келгенін көріп, алғашқы райынан сынып, тәубелерін қабыл алған.
Оны «Та-һа» сүресі (20:22) растайды: «Сонан соң Алла оны тағы да бағалап, тәубесін қабыл етіп, оған кешірім жасады». Алайда Адам Атаны зайыбымен ұжымақтан аластау ниетінен танбаған. Адам Ата жар қосағына Хауа деп ат қойды. Онысы «өмір бастауы» деген мағына еді. Жаратушы аң терісінен киімнің репетін істеп, олардың ашылған әбүйірін жапты да, ұжымақтан қуып шықты. Адам Ата мен Хауа Ана иіндері еңкейіп, пұшайман халде бұрылып кете бергенде, Алла ақтық кеңесін айтты: «Алда-жалда мен сендерге бір тура бағыт жібере қалсам, кімде-кім сол тура жолмен жүрсе, ол адаспайды, Қияметте қасірет шекпейді. Егер кімде-кім менің насихатыма теріс қараса, онда оның өмірі таршылыққа түседі. Қияметте Біз оларды көр соқыр қалпында жинаймыз» («Та-һа» сүресі, 20:123). Алла күнәһарларды ұжымақтан аластады да, жәннат бағы қақпасының алдына оттан өрілген алапат қылышы бар қанатты періштені күзетке қойды. Кейін бұл әңгімені таратып, баяндаған дін тарихшылары жәннат бағынан аттап шығысымен-ақ Адам Атаның қайғыдан бойы шөгіп, аласара берген деп хикаялайды.
Пейіштен қуылған соң Адам Ата Хауа Анамен Мекке атырабында кездескен. Адам Ата үшін көктен қара тас түсіріліп, ол сол жерге қағба тұрғызады. Олардың екі ұлы, екі қызы болған екен. Ер жеткен соң екі ұлы (Әбіл мен Қабыл) қарындастарының біреуіне таласып, бірін-бірі (Қабыл Әбілді) өлтіреді. Содан бері Адам баласы өлетін болыпты. Аңыз бойынша Адам Ата бабамыз 930 жыл өмір сүріп, дүниеден өткен. Адам ата мен Хауа Ана Мекке төңірегіндегі Қазына өңіріне жерленген делінеді.
Адамның (ғ.с) дүние салуы
Өмір жалғасып жатты. Адам (ғ.с) мың жыл ғұмыр кешті. Оның өмір жасы туралы ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне риза болғай) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Шын мәнінде ең бірінші болып мойындамаған Адам",- деп үш рет айтып сөзін: "Аллаһ Адам (ғ.с)-ды жаратқан кезде оның белін сипап ұрпақтарын шығарды. Аллаһ олардың екі көзінің ортасына бір нұр жасаған еді. Сонда ол (Адам (ғ.с)): "Ей, Раббым! Бұлар кім?"- деп сұрады. (Аллаһ Тағала): "Бұлар сенің ұрпағың",- деді. (Адам(ғ.с)) өз ұрпағының ішінен бір кісіні көрді. Оған оның екі көзінің ортасындағы нұры ұнады. Сонда ол: "Ей, Раббым! Бұл кім?" - деп сұрады. Аллаһ Тағала: "Бұл сенің ұрпағыңның ішіндегі соңғы халықтардан (шығатын) бір кісі. Оның есімі - Дәуіт", - деді. Адам (ғ.с) : "Оған қанша өмір бердің?" - деді.
Аллаһ тағала: "Алпыс жыл" - деді. Адам (ғ.с): "Ей, Раббым! Оның өмірін ұзарт", - деді. Аллаһ Тағала: "Тек сенің өміріңнен ұзартамын", - деді. Сөйтіп Адамның өмірінен Дәуітке қырық жыл қосылды. Аллаһ Тағала періштелерді куә қылып, жаздырып қойды. Адам (ғ.с)-ның өмірі аяғына жеткен кезде, оған өлім періштесі келді. (Сол уақытта ол тоғыз жүз алпысқа келген болатын. Ол өз жасының мың жыл екендігін білетін). Сонда ол өлім періштесіне: "Менің қырық жыл ғұмырым қалған жоқ па еді?"- деді. Періште: "Оны (қырық жылды) ұлың Дәуітке бермедің бе?" - деп айтты. "Ол мойындамады. Аллаһ Тағала оған жазуды шығарып, дәлел келтірді. Сөйтіп Дәуіттің өмір жасын жүзге толтырып, Адам (ғ.с)-ның өмір жасын мыңға толтырды", -деп айтқан (Ахмад). Адам (ғ.с) қателесті, ұмытты және мойындамады. Бірақ, ол мұны қасақана істеген жоқ, расында да ұмытып қалған-ды. Ал бұл адамзаттың табиғатына айналды. Олар мойындамайды. Бірақ, көбінесе ұмытулары себепті тайқиды. Олар қателік істейді және бұл да ұмытшақтықтан. Ибн Зумра әс-Саъди: "Мен Мәдинада сөйлеп жатқан бір шейхты көрдім.
Ол туралы (адамдардан сұрадым). Олар: "Бұл Убай ибн Каъб", - деді. Сонда ол (Убай (Аллаһ оған разы болсын)): "Адам (ғ.с) өлім төсегінде жатқан уақытта балаларына: "Менің жәннат жемістерін жегім келді" деген", - деді деп риуаят еткен. Жәннатта жер бетіндегі сияқты алма, анар, жүзім сияқты жемістердің барлығы бар. Бірақ, айырмашылығы бұл дүние жемістері уақыты өтсе шіріп, жеуге жарамсыз боп қалады. Ал жәннатта олай емес. Сондай-ақ, бұл дүние жемістерінің дәмі қарапайым, ал жәннат жемістерінің дәмі шырын. Адам жәннаттағы сияқты жеміс жеуді қалады. Убай ибн Каъб (Аллаһ оған разы болсын) айтқан: "Олар жеміс іздеп кетті. Бірақ, оларға (адам кейпінде) қолдарында кебін, иіссу сияқты жерлеу құралдары мен мәйітті арулау заттары бар періштелер жолықты. Олар: "Ей, Адам (ғ,с)-ның балалары! Не қалайсыңдар, не іздеп жүрсіңдер? - деді. Адам (ғ.с)-ның балалары): "Әкеміз науқас еді. Оның жәннат жемістерінен жегісі келеді", - дейді. Періштелер: "Арттарыңа қайтыңдар! Әкелеріңнің ажалы жетті", - деді.
Періштелер келген кезде Хауа оларды танып, Адам (ғ.с)-ға жабысты. Сонда Адам (ғ.с) Хауаға: "Маған жақындама! Өйткені, мен (ібілістің азғыруына) сенің тарапыңнан берілген едім. Енді, менімен Раббымның періштелерінің арасына килікпе!" - дейді. Адам (ғ.с)-ның тыйым салған жемістерді жеуге Хауа ананы кінәлау да даулы мәселе емес пе? Сонда өлім періштесі Адам (ғ.с)-ның жанын алды. Періштелер оны жуып, кебіндеп, жерледі. Олар Адам (ғ.с) - ды жерлеу алдында оған жаназа намазын оқыды. Сосын оны қабірге қойып, бетін топырақпен жапты. Содан кейін Адам (ғ.с)-ның балаларына: "Ей, Адам (ғ.с)-ның балалары! Бұл сендердің дәстүрлерің", - деді", - деп айтқан (Ахмад).
Олар қалай жерлеуді білмейтін еді. Қабылдың Әбілді қалай көмгенін көрмеген болатын. Сонымен мың жыл өмірін түгелдей Ұлы Аллаһқа бойұсынумен өткізген Адам (ғ.с) дүние салды. Өз өмірінде ешқашан Аллаһтың әміріне қарсы шықпады. Ол тек жәннаттағы тыйым салынған ағаштың жемісінен жеген кезде ғана күнә істеген болатын. Ал қалған өмірінің барлығы ұрпақтары үшін үлгі-өнегеге толы болды. Содан бір жыл өткеннен кейін Хауа ана да дүние салды.[5]
Пайдалы сілтемелер
- [1] Мұрағатталған 10 наурыздың 2012 жылы. — Адам(а.с) Өмірі
Дереккөздер
- ↑ Hendel, 2000, p. 18
- ↑ Hendel, 2000, p. 19
- ↑ Behbūdī Muhammad Bāqir The Quran: A New Interpretation — Psychology Press. — P. 87. — ISBN 9780700704071.
- ↑ Charles H. Cosgrove The Meanings We Choose: Hermeneutical Ethics, Indeterminacy and the Conflict of Interpretations — Bloomsbury Publishing. — P. 168. — ISBN 978-0-567-06896-5.
- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |