Алқалар тұқымдасы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Solanaceae
A flowering Brugmansia suaveolens from the US Botanic Garden
A flowering Brugmansia suaveolens
from the US Botanic Garden
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Өсімдіктер
(unranked) Eudicots
(unranked) Asterids
Сабы: Solanales
Тұқымдасы: Solanaceae
Juss.
Subfamilies

Cestroideae
Goetzeoideae
Nicotianoideae
Petunioideae
Schizanthoideae
Schwenckioideae
Solanoideae[1]

Алқа тұқымдастары (Solanaceae) – қос жарнақты, бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Бұта түрінде кездеседі. Дүние жүзінде тропиктік, субтропиктік және қоңыржай белдеулерде кездесетін 80 – 90 туысы, 2500-дей түрі белгілі. Қазақстанда Алқалар тұқымдасының 11 туыс, 23 түрі бар. Бүтін жиекті немесе тілімденген жапырағы тік не жатаған сабағына кезек орналасады. Гүлі қос жынысты. Гүлшоғыры бұйра болады. 5 тостағанша жапырағы бірігіп, жоғарғы жағы тілімденген. 5 күлте жапырағы, бірігіп қысқа түтік түзеді. Аталығы 5, аналығы біреу. Жемісі – көп тұқымды жидек, түйнек немесе қауашақ. Алқалар тұқымдасы негізінен аса бағалы тағамдық (баялды, тәтті және ащы бұрыш, қызанақ, картоп, т.б.), сәндік және техникалық (темекі) өсімдіктер болып саналады. Олардың құрамында бірнеше улы алкалоидтар болады, сондықтан оларды мал жемейді. Жабайы түрлерінен дәрі алынады.

Алқа тұқымдас өсімдіктердің ортақ белгілері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Алқа тұқымдастардың ғаламшарымызда 2900-ге жуық түрі бар. Бұлардың көпшілігі мәдени өсімдіктер. Алқа тұқымдастардың жабайы түрлері де көп. Ауа райы ыстық елдерде бұталы және сабақтары шырмалып өсетін де түрлері бар. Әсіресе Оңтүстік Америкада алқа тұқымдастардың жабайы өсетін түрлері көп. Қазақстанда 23 түрі кездеседі, көпшілігі қолдан өсіріледі. Бұлар - күлтелері тұтасқан, жапырақтары кезектесіп орналасатын шөптекті өсімдіктер. Гүлдері гүлшоғырда немесе жеке-дара орналасады. Гүлі кіріккен 5 тостағанша жапырақшалар, кіріккен 5 күлте жапырақшадан тұрады. Сондықтан бұл өсімдіктер кіріккенкүлтелілер деп аталады. Күлте жапырақшалардың түп жағы қысқа түтікшеге бірігіп, қоңырау тәрізді болады. Оның ортасында 5 аталық, екі жемісжапырақшалы аналық орналасады. Бұлар - жоғары жатынды өсімдіктер. Бірнеше симметрияга бөлетін сызықтар жүргізуге болатындықтан, алқа тұқымдастар дұрыс гүлді (*) өсімдіктер болып есептеледі. Гүл формуласы: *Т(5)К(5)А5Ж(2). Жемісі - жидек немесе қауашақ.

Тағамға пайдаланылатын баялды, қызанақ, тәтті және ащы бұрыш және өзге де көкөністер өздеріңе бұрыннан мәлім. Дәрілік, сәндік және улы өсімдіктері де бар. Арамшөп ретінде белгілі меңдуана, сасық меңдуана - нағыз улы өсімдіктер. Сонымен бірге олар дәрілік өсімдіктерге де жатады. Меңдуаналардың жапырағы мен тұқымы демікпеге, құрыспа ауруларға дәрі ретінде пайдаланылады. Шырайгүл(петуния) және қызылқұлақ(физалис) сәндік өсімдіктер болып табылады. Шырайгүл күтім талғамайды және ұзақ гүлдеп тұрады. Сондықтан Оңтүстік Америкалық шырайгүл қала гүлзарларына сән беріп тұрады. Қызылқұлақ тропиктік, субтропиктік аймақтарда кең таралған. Оның 100-ге жуық түрлері бар. Өсімдіктің жидек-жемісі қампиып қаптайтын түзілісі үшін қызылқұлақ аталған. Қампима қаптаманың түсі ашық қызыл-сары болып көз тартады. Ол - өсімдіктің тостағанша жапырақшасы.

A.
Баклажан.

Жабайы түрі Үндістанда өседі, көпжылдық алқа тұқымдас шөптекті өсімдік. Қолдан өсірілетін түрі - біржылдық. Сабағының биіктігі 30-70 см шамасында. Жапырақтары кезектесіп орналасады. Баялдының гүлі жапырақ қолтығында жеке (немесе 2-7) бірігіп, шоғырланып тұрады. Күлтесі тұтасқан 5 күлте жапырақшадан құралады. 5 аталығы күлтенің түбіне бекінген, 1 аналықты қоршап өседі. Жемісі - жидек, тұқымы - ұсақ.

Баялды - жылу және ылғал сүйетін тағамдық өсімдік. Ол Қазақстанның оңтүстік облыстарында өсіріледі. Топырақ ылғалдылығы - 80%, қолайлы температурасы 20-30оС-ге жеткенде ғана өсіп-дамиды. Баялдының өсімді кезеңі өте ұзақ. Оның жемісі 100 күннен астам мезгілде ғана жеуге жарамды болады. Тағамға толық пісіп жетілмеген жеміс пайдаланылады. Ал жемістің пісіп жетілуі үшін тағы 1-1,5 ай қажет. Сөйтіп баклажанның жеміс беру кезеңі 3 айға созылады. Ауа температурасы 130С-де баклажан өсуін тоқтатады. Үсікке тез шалдығады.

Баялдыны көшет арқылы жылыжайда өсіреді. Қыс ызғары кетіп, орташа температура 150С-ден жоғарылаған кезде көшетті отырғызуға болады. Егістікке отырғызуға дейін көшет 65-75 күн жылыжайда өседі.

Баялдының жемісі 0,4-1,0 килоға дейін тартады. Ол алмұрт немесе қияр тәрізді, түсі қоңыр немесе күлгін қара болып келеді. Жемісінің құрамында нәруыз, май болады. Бұдан өзге кальций, фосфор, темір және өзге тұздары да бар. Баялды медицинада бауыр ауруын емдеуге, қан құрамындағы зиянды түзілісті (холестеринді) азайту үшін қолданылады. Баялды - жоғары өнімді дақыл, 1 гектарынан 15-30 т түсім алынады.

A.
Қызанақ .

Қызанақ алқа тұқымдас, қосжарнақты, шөптекті өсімдік. Ол жылу сүйетін өсімдік болғандықтан, алдымен көшетте егіледі. Қызанақтың жемісінен алынған шырыны тағамға пайдаланылады. Жеміс құрамында витаминдер (С, Р, В, А, К) өте көп. Қызанақты тұздап, сүрлемелеуге де болады. Ол - біржылдық өсімдік.

Тәтті (болгар) бұрыш пен ащы (қызыл) бұрыштар да алқа тұқымдас өсімдіктер. Бұрышта С витамині болады. Тағамды дәмдеуге пайдаланылады.

A.
Картоп.

Ал алқа тұқымдас өсімдік - картоп өздеріңе таныс. Ол - тағамдық және техникалық өсімдік, мал азығы ретінде де қолданылады. Картоптың жемісі жидек екенін естеріңде ұстаңдар. Ал тамырындағы түйнектер - оның жерасты өркені. Картопты тұқымынан өсіруге болады. Ең қолайлысы - картоптың көзшесі бар түйнек бөліктерінен өсіру. Картоп түйнегінде крахмал мол болады.

Алқа тұқымдастар - 90-ға жуық туысты топтастыратын, тропиктік, субтропиктік және қоңыржай атырапта кең таралған қосжарнақты өсімдіктер. Негізінен алғанда Орталық және Оңтүстік Америкада өседі. Олар шөптекті, бұталы немесе алма ағаш тәрізді болып келеді. Гүлі тұтасып біріккен тостағаншадан және кірігіп тұтасқан бес күлтежапырақшадан тұрады. Сондықтан кіріккенкүлтелі өсімдіктер деп аталады. Жемісі - жидек (қызанақ, қара алқа), кейде қауашақ (меңдуана, шырайгүл, темекі). Алқа тұқымдастардың гүлін әр түрлі бунақденелілер, тропиктік елдерде құстар, тіпті сүтқоректілер тозаңдандырады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Solanaceae Juss., nom. cons.. Germplasm Resources Information Network. United States Department of Agriculture (12 сәуір 2007). Тексерілді, 16 сәуір 2009.
  • Қазақ энциклопедиясы