Қазақ тілі
Қазақ тілі, قازاق ٴتىلى, Qazaq tılı | |
Айтылуы: | |
---|---|
Елдер: |
Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Украина, Өзбекстан, Ресей, Иран |
Ресми күйі: |
Қазақстан (мемлекеттік тіл)
|
Реттейтін мекеме: |
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі |
Сөйлеушілер саны: |
16,7 млн |
Рейтинг: |
76 орын[2] |
Классификация | |
Санаты: | |
Алтай тілдері (даулы) | |
Жазуы: |
кирилше (орысша), төте жазу (арабша), латынша (Қазақ әліпбиін қараңыз) |
Тіл коды | |
МЕСТ 7.75–97: |
каз 255 |
ISO 639-1: |
kk |
ISO 639-2: |
kaz |
ISO 639-3: |
kaz |
Тағы қараңыз: Жоба:Лингвистика |
Қазақ тілі (төте: قازاق ٴتىلى, латын: qazaq tılı) — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия жəне т.б. елдерде тұратын қазақтардың ана тілі.
Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Сонымен қатар қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қарайым, қырымтатар тілдеріне жақын.
Қазақ тілі диалектілерге бөлінбейтіні ғылыми түрде дәлелденген. Барлық өлкелердің қазақтары бір-бірін жақсы түсінеді. Бірақ кейбір ғалымдардың пікірінше қазақ тілі 3 диалектіге бөлінеді: солтүстік-шығыс, оңтүстік және батыс (ескі үш жүздің орналасқан аумағы бойынша).
Фонетика
Қазақ тілі буын үндестігіне негізделеді, яғни қазақтың төл сөздері не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болып келеді және жуан дауысты буындардағы дауыссыз дыбыстар жуан түрде айтылады (мысалы: тыс, құрт), ал жіңішке дауысты буындарда жіңішке естіледі (мысалы: тіс, күрт).
Қазақ тілінде екпін көбінесе соңғы буынға түседі.
Дауысты дыбыстар
Қазақ тілінде 12 дауысты дыбыс бар: а, ә, е, и, о, ө, ұ, ү, у, ы, і, э
Дауысты дыбыс тіл, жақ және еріннің қатысына қарай жуан және жіңішке, ашық және қысаң, еріндік және езулік болып жіктеледі:
Тілдің қатысына қарай: |
Жуан: а, о, ұ, ы, у. |
---|---|
Жіңішке: ә, ө, ү, і, е, и, у, э. | |
Жақтың қатысына қарай: |
Ашық: а, ә, о, ө, е, э. |
Қысаң: ы, і, и, у, ү, ұ. | |
Еріннің қатысына қарай: |
Еріндік: о, ө, ұ, ү, у. |
Езулік: а, ә, е, ы, і, и, э. |
Дауыссыз дыбыстар
Дауыссыз дыбыс өкпеден шыққан ауаның ауыз қуысында кедергіге ұшырап шығуынан жасалады.
Қазақ тілінде 26 дауыссыз дыбыс бар: б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ.
Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатысына қарай ұяң, үнді және қатаң болып үшке бөлінеді.[3]
Ұяң: | б, в, г, ғ, д, ж, з, һ |
---|---|
Үнді: | й, л, м, н, ң, р, у |
Қатаң: | к, қ, п, с, т, ф, х, ч, ц, ш, щ |
Жоғарыда келтірілген мағлұмат Кеңес Өкіметі билік құрып тұрғанда, 1940-шы жылы еңгізілген Аманжол Сәрсеннің әліпбиі негізінде берілген. Бұл әліпбиді, тоталитарлық жүйе қазақ халқын орыстандыру саясатының құралы ретінде пайдаланған. Орыс тілінің дыбыстары қазақ әліпбиіне қосылған. Қазақ тілі туралы жалған мағлұмат ресми құжаттарда, Қазақстан тәуелсіздік алса да, осы уақытқа дейін өзгертілмей келеді.
Нағыз қазақ тілі дыбыстық жүйесі
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін алғашқы құрған ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: басқа дыбыстық жүйелер, бөтен тілдердің дыбыстары қосылған, жалған жүйелер.
Дауысты дыбыстар
Қазақ тіліне тән 9 дауысты дыбыс бар: о, ұ, а, ы, ө, ү, ә, і, е
Дауысты дыбыс тіл, жақ және еріннің қатысына қарай жуан және жіңішке, ашық және қысаң, еріндік және езулік болып жіктеледі:
Тілдің қатысына қарай: |
Жуан: о, ұ, а, ы. |
---|---|
Жіңішке: ө, ү, ә, і, е. | |
Жақтың қатысына қарай: |
Ашық: а, ә, о, ө, е. |
Қысаң: ы, і, ү, ұ. | |
Еріннің қатысына қарай: |
Еріндік: о, ө, ұ, ү. |
Езулік: а, ә, е, ы, і. |
Дауыссыз дыбыстар
Дауыссыз дыбыс өкпеден шыққан ауаның ауыз қуысында кедергіге ұшырап шығуынан жасалады.
Қазақ тілінде 19 дауыссыз дыбыс бар: б, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, ш, у.
Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатысына қарай ұяң, үнді және қатаң болып үшке бөлінеді.
Ұяң: | б, г, ғ, д, ж, з |
---|---|
Үнді: | й, л, м, н, ң, р, у |
Қатаң: | к, қ, п, с, т, ш |
Дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен жанасуы немесе толық қабысуы арқылы пайда болады. Дауыссыздардың басты ерекшеліктері:
- дауыссыздардың жасалатын орны – ауыз және көмей қуыстары;
- дауыссыз қатаңдарда мүлде үн болмаса, ұяңдарда – үннің қатысы жартылай болады да, ал үнділерде - бәсең үн болады;
- дауыссыз қатаң және ұяңдардың ішкі сапасы – таза салдырдан тұрады деуге болады ал, үнділерде сөйлеу мүшелерінің (тіл, ерін, жақ) бір-біріне жуықтауы, түрленуі, көлемін өзгертуі көмей арқылы келген ауаға пәлендей кедергі бола алмайды;
- дауыссыз қатаң және ұяңдарды - көтеруге, созуға, әуенін өзгертуге мүлде болмаса, ал үнділерді керісінше – көтеруге, созуға, әуенін өзгертуге болады;
- дауыссыздардың үн сапасында - жаңғырық болмайды;
- дауыссыздар сөз ішінде жалқы тұрып буын құрай алмайды.
Осы 28 пәнем, Ахмет Байтұрсынұлы құрған, төте жазу дыбыс жүйесі болып табылады. Ахмет Байтұрсынұлы төте жазу дыбыстарын, арап таңбаларын ыңғайлап, белгілеген.
Қазақ тілінің табиғи дұрыс дыбысталуына байланысты "Е" әрпі қазақ тілінде орыс тіліндегідей "Э" дыбысын береді (Екібастұз- Экибастуз). "Ж" әрпі орыс тіліндегі "ДЖ" аффрикатасы арқылы беретін дыбысты береді (оқылуы: джиһаз, джігіт, джан, мұғалджар - жазылуы: жиһаз, жігіт, жан, мүғалжар). Егер де Қ - әрпінен кейін дауыссыз дыбыс келсе Х секілді болып айтылады (Мақсат- Махсат).
Кійрілше немесе латын таңбаларымен белгіленген, Байтұрсұн Ақымет пәнемдерін қолдана құрылған және Байтұрсұн Ақыметтің жазұу, оқұу ережелері негізіндегі, жазұу жүйелер Тұура Жазұу деп аталады.
Байтұрсұн Ақымет дыбыс жүйесі.
( 28 пәнем, кійрілше таңбалау )
О, Ұ, А, Ы, Ө, Ү, Ә, І, Е, Й, У, Р, Л, Н, М, Ң, Б, Д, Ғ, Г, Ж, З, П, Т, Қ, К, Ш, С.
Грамматика
Қазақ тілінде сөз алдында тұратын көмекші сөздер (preposition) орнына, сөз артынан келетін шылау (postposition) не тиісті жалғау қолданылады (мысалы: қазақ тілі туралы мақаланы энциклопедияға қосу).
Сан есімі бар зат есім жекеше түрінде беріледі (мысалы: «мен екі мақала жаздым», бірақ «мақалаларымда көп қате жіберіппін»).
Сөз таптары
Қазақ тілінде келесі сөз таптары бар
- Зат есім (бет, қол)
- Сын есім (қызыл, биік)
- Сан есім (бір, жүз)
- Есімдік (мен, сен)
- Етістік (бару, жазу)
- Үстеу (тез, таза)
- Шылау (үшін, туралы)
- Еліктеу сөз (күмп, тарс-тұрс, ыржың-ыржың)
- Одағай (алақай, тәйт, құрау-құрау)
Септіктер
Қазақ тілінде 7 септік бар. Төменде әр септіктің сұрақтары, жалғаулары мен мысалдары берілген:
септік | сұрағы | жалғауы | мысалы |
---|---|---|---|
Атау | кім? не? | (жоқ) | кісі, ат, біз |
Ілік | кімнің? ненің? | -ның/-нің, -дың/-дің, -тың/-тің |
кісінің, аттың, біздің |
Барыс | кімге? неге? қайда? | -ға/-ге, -қа/-ке, -на/-не, -а/е | кісіге, атқа, бізге, оның отбасы"на", менің отбасым"a" |
Табыс | кімді? нені? | -ны/-ні, -ды/-ді, -ты/-ті, -н |
кісіні, атты, бізді, оның отбасы"н" |
Жатыс | кімде? неде? қайда? | -да/-де, -та/-те | кісіде, атта, бізде |
Шығыс | кімнен? неден? | -нан/-нен, -дан/-ден, -тан/-тен |
кісіден, аттан, бізден |
Көмектес | кіммен? немен? | -мен/-бен/-пен | кісімен, атпен, бізбен |
Жазуы
Басты мақала: Қазақ жазуы
Қазақ жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшыраған. 1929 жылға дейін Қазақстанда қазақ араб жазуы пайдаланылды. XX ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген ‘’төте жазу‘’ пайдаланылған. Қазіргі кезге дейін Қытай еліндегі қазақтар осы жазу үлгісін пайдаланады. 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын графикасы қолданылып, 1940 жылдан қазірге дейін кирилл әліпбиі қолданылуда. 2025 жылдан қазақ тілі латын графикасына ауысуы жобалануда. Түркия мен Батыс елдердегі қазақтар әртүрлі латын жазуына негізделген әліпбиді пайдаланады. 2000 жылдан бастап Тура Жазу енгізіле басталды, латын және кирилше түрінде. Тура Жазу Ахмет Байтұрсынұлы дыбыс жүйесін қолданады, оны енгізумен жекеменшік, мемлекеттік емес орталық айналысады.
Латын жазуы (ana tili) | Араб жазуы | Кирил жазуы |
---|---|---|
Barlıq adamdar twmısınan azat jäne qadir-qasïyeti men quqıqtarı teñ bolıp dünïyege keledi. Adamdarğa aqıl-parasat, ar-ojdan berilgen, sondıqtan olar bir-birimen twıstıq, bawırmaldıq qarım-qatınas jasawları tïis. | بارلىق ادامدار تۋمىسىنان ازات جانە قادىر-قاسيەتى مەن قۇقىقتارى تەڭ بولىپ دۇنيەگە كەلەدى ادامدارعا اقىل-پاراسات، ار-وجدان بەرىلگەن، سوندىقتان ولار ءبىر-بىرىمەن تۋىستىق، باۋىرمالدىق قارىم-قاتىناس جاساۋلارى ءتيىس. | Барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген, сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс. |
Латын жазуы (Tfura jazfu) | Тұура жазұу |
---|---|
Barlwq adamdar tfumwswnan azat jcne qadwr-qaswveti men qfqfqtarw teh bolwp dyniveghe keledi. Adamdarga aqwl-parasat, ar-ojdan berilghen, sondwqtan olar bir-birimen tfuwstwq, bauwrmaldwq qarwm-qatwnas jasaularw tivis. | Барлық адамдар тұумысынан азат және қадыр-қасыйеті мен кұқұқтары тең болып дүнійеге келеді. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген, сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тійіс. |
Дереккөздер
- ↑ Закон Республики Алтай «О языках». Глава I, статья 4 Мұрағатталған 25 қыркүйектің 2015 жылы.
- ↑ Summary by language size (ағыл.). Ethnologue. Тексерілді, 6 қаңтар 2024. For items below #26, see individual Ethnologue entry for each language.
- ↑ Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
Тағы қараңыз
Сыртқы сілтемелер
- Қазақ тілін үйрену сайты
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тіл порталы Мұрағатталған 13 сәуірдің 2019 жылы.
- Бауыржан Момышұлы. Қазақ тілі туралы пікір («Ана тілі» газеті, 1944)
- Қазақ тілі транслитераторы
- Лұғат қазақ тілінің сөздіктер кешені онлайн сөздігі
- Сөздік.кз онлайн сөздігі
- Kazak language, alphabet and pronunciation
- Course of Kazakh for Peace Corps Volunteers
- Another course of Kazakh for PCV
- Roman-Cyrillic characters converter for Kazakh alphabets Мұрағатталған 17 ақпанның 2006 жылы.
Түркі тілдері • Моңғол тілдері • Тоңғыс тілдері • Жапон тілі* • Корей тілі* |
Ескертпе: *Жапон тілі мен корей тілінің Алтай тілдеріне жататын-жатпайтыны туралы бірыңғай пікір қалыптасқан жоқ. Тағы қараңыз: Пуйо тілдері. |
|