Қағаз

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.
Цай Лунь бойынша қағаз жасау

Қағаз (парсы: كاغد‎ — «кағоз») — өсімдік талшықтарын белгілі бір тәсілмен өңдеу және бір-бірімен ұйыстыра байланыстыру арқылы жұқа парақ түрінде жасалатын материал болып саналады.

Қағаз өндіру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қағаз өндіру үшін әр түрлі ағаштар мен бір жылдық өсімдіктер целлюлозасы және ағаш массасы (уатылған ағашқа су араластырылған талшықты қойыртпақ) жұмсалады. Қасиетін жоғарылату үшін қағаз массасына (қағаз және картон жасау үшін пайдаланылатын ұнтақталған талшықты материалдар, су, үстемелер, бояғыш, желімдегіш заттар қоспасы) қосымша минералдық үстемелер қосады: минералдық заттар (каолин, тальк, т.б.) қағаз түсін ағартады, тығыздығы мен тегістігін арттырады және жақсы баспалық қасиеттер (мөлдір емес, бояу жұғатын, т.б.) береді; желімдік материалдар (канифоль желім, крахмал, шайыр, т.б.) қағаздың сия сормайтын қасиетін және парақтың беріктігі мен тығыздығын арттырады; кейбір қағаз түрлерін жасауда бояғыштар, химиялық талшықтар, т.б. қолданылады.

Қағаз тұңғыш рет ІІ ғасырда Қытайда жасалды, Еуропада ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болды. Оған негізгі материал ретінде зығыр, мақта, кендір пайдаланылды. Қағаз өндіру кітап басу мүмкіндігі ашылғаннан кейін қауырт дамыды. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар аралығында Голландияда ұнтақтауыш жаңа аппараттың – роллдың жасалуы және француздық Николас Луи Робер ұсынған (1799) механикалық әдіспен үздіксіз қағаз құю әдісі шыққаннан бастап, машиналық өндіріс пайда болды. Шикізат есебінде ағаш, целлюлоза талшықтары қолданылды.

Қағаздың түрлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
A.
Қағаздар

Қағаздың 600-ден астам түрі бар. Қағаз 11 топқа бөлінеді:

  1. Баспалық қағаз (баспаханалық, офсеттік, иллюстрациялық, картографиялық, т.б.) – тегістігімен, түсінің ақтығымен ерекшеленеді, баспа бояуы жақсы жұғылады. Түсқағаздар мен газеттік қағаздар да осы топқа кіреді.
  2. Жазбалық қағаз (жазуға, конверттік, карточкалық, т.б. поштаға арналған қағаздар) – бетінің жылтырлығымен, жақсы желімделгіштігімен және сия сормайтындығымен ерекшеленеді.
  3. Сызба және сурет салу қағазы (сурет салу, сызба сызу қағаздары, сызбалық мөлдір және калькалық), әдетте толтырғышсыз (немесе аздап қосылған) массадан жасалады. Мөлдір болу үшін кейбір сорттары көбірек суланып, жоғары қысыммен каландрленеді. Электр оқшаулағыш қағаздың (конденсаторлық, кабельдік, телефондық, оқшаулағыш-орамдық, т.б.) механикалық беріктігі жоғары әрі жақсы диэлектрлік қасиеттерімен сипатталады.
  4. Сіңіргіш қағаз (сүзгілік, сорғыштық, т.б.) фибра, жарғақ, санитарлық-гигиеналық бұйымдар, т.б. өндіру үшін қолданылады. Бұлар кеуектеу келеді де, сұйықты жақсы сіңіреді.[1]
  5. Аппараттық қағаз (таспалық, перфокарталық, т.б.) өте жоғары механикалық беріктігімен сипатталады. Жарық сезгіш қағаз фотографиялық және жарықпен көшіруге қажетті, т.б. қағаз жасауға пайдаланылады.
  6. Көшірмелік қағаз арнайы өңделіп дайындалады.
  7. Орамдық қағаз тағамдық және өнеркәсіптік бұйымдарды орауға, бууға, т.б. пайдаланылады. Бұлар берік талшықты материалдардан және өндіріс қалдықтарынан жасалады.[2]
  8. Өнеркәсіптік-техникалық қағаз патрон, зімпара, диффузор жасауға, жіпке қосуға, дыбыс жазуға қолданылады. Қағаз массасын дайындау бірнеше сатыдан өтеді: талшықты материалдарды ұнтақтау, талшық түріне орай құрам дайындау, массаны бояу, желімдік ерітінді және үстемелер даярлау, т.б.

Талшықты материалдарды ұнтақтау – қағаз өндірісіндегі басты операциялардың бірі. Ол үздікті не үздіксіз істейтін аппараттармен жүргізіледі. Ұнтақталған талшық суспензиясына қажетті қосымша заттар қосылып, қағаз массасы тиісті мөлшерге дейін сумен сұйытылады да, аппараттарда тазаланып, қағаз машинасына жіберіледі.[3]

Қағаз пішімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қағаз пішімі — см. өлшемінде берілген стандартты қағаз табағының ені мен ұзындығы: 60x90; 70x90; 70x108; 84x108; 90x120 т.б. қ.п болады.

Қағазды климатқа бейімдеу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қағазды климатқа бейімдеу — сырттан әкелінген қағазды өңдеу, басу цехтарының климатына бейімдеу. Қағаздың ылғалдылығын, температурасын тиісті дәрежеге келтіру үшін бұл операция арнайы аспалы құрылғыда атқарылады.

Қағазды кондиционерлеу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қағазды кондиционерлеу — басуға дайындалған қағазға арнайы құрылғыларда бөлмедегі ылғал және температура параметрлеріне сәйкес қажетті ылғалдық беру.[4]

Экологияға әсері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазір әлемде АҚШ, Канада, Жапония, Швеция елдері әлемдегі қағаз өндірісінің басым бөлігін шығарады. Индустриялық мемлекеттерде тұратын халықтың 20 пайызы әлемдегі қағаз өндірісі көлемінің 85 пайызын пайдаланып отыр. Бүгінде жер бетіндегі қоқыстың төрттен бірі қағаз өнімдерінен қалған қалдық болып отыр. Бір ғана дерек, америкалықтар жыл сайын пошта арқылы 4 миллион тоннаға жуық хат-хабар, бандероль алады екен. Бұл әрбір америкалыққа шаққанда, ондаған келіге тұратын зат болып табылады. Ең қызығы, осының барлығы электрондық байланыс арқылы келсе, жыл сайын 150 мың ағашты сақтап қалуға мүмкіндік бар екен. Егер бір тоннадан астам қағаз қалдықтарын қайта өңдеуден өткізетін болса, 17 ағашты аман алып қалады екенбіз. Жалпы қағазды тиімді пайдалану жағына келсек, әр елдің тұтынуы әртүрлі. Мысалы, Қытай мен Үндістанда оны көп пайдаланады. Орташа есеппен алғанда, әрбір еуропалық жыл сайын 4 тонна қағаз тұтынады, ал австралиялыққа қажеттілігі-130 келі ғана екен. Ал британдық отбасы жыл сайын кесілетін 6 ағаштан жасалатын қағаз қалдықтарын далаға тастайтын көрінеді.

Қағаз өндірісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қағаз өндірісі әртүрлі 7-8 технологиялық операциядан тұратын процесс. Аз уақытты алмайды. Егер бір тоннадай қағазды қайта өңдеуден өткізетін болса, 17 ағашты, 26 мың литр суды, 3 текшеметр топырақты, 240 литр жанар-жағар май мен 4000 киловатт - сағат электр энергиясын үнемделеді екен. Ал қайта өңдеуден өткізілген өндіріс барысында электр қуатын екі есе аз үнемдеуге болады. Осының арқасында ауаны былғайтын зиянды қалдықтар 70 пайыз төмендейді.

Соңғы 20 жыл ішінде әлемде қағаз бұйымдарын тұтыну 92 миллионнан 208 миллионға артып, оның көрсеткіші 128 пайызға артты. Қазіргі заманғы технологияның жанданып, электрондық құжаттың өмірге келуі мен компьютерлік байланыстың артуы бәрібір қағаз өндірісіне кері әсерін тигізіп отырған жоқ. Сұраныс та, қажеттілік те бар. Мысалы, миллион тонна қағаздың 14 мың теміржол вагонына сиятынын ескерсек, бұл саладағы өнімнің азаймай, қайта жыл сайын артып келе жатқанын түсінуге болады.

Қызық деректер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Негізі бір парақ қағазды өз заңдылығы бойынша жеті рет қана бүктеуге болады дейді сарапшылар, одан ары бүктеу өте күрделі. Алайда жуырда бұл қисынды америкалық бір оқушы бұзды. Ақ қағазды 12 рет бүктеп, ол рекорд жасаған көрінеді. Бұл нәтижені осы уақытқа дейін ешкім түзей алған жоқ.
  • Жақында бір жазушы жаңашыл бастама көтеріп, оны өзі жүзеге асырды. Ол әжетханалық қағаз арқылы өзінің көркем туындысын жазып, кітап етіп шығарған. Франкфурттегі мұражайда кітап көрмесін өткізген. Жазушының ойынша, «әжетхана -нағыз кітапқұмарлардың орны».
  • Атақты «Титаник» кемесінің 3 класты қонақтары тамақтанатын мейманханасынан бір жолаушының «менюі» табылған. Белгісіз қонақ ішкен бұл дастарқан мәзірі кеме апатқа ұшыраған маңда су бетінде қалқып жүрген. Бұл дастарқан мәзірі аукционда 45 мың долларға сатылды.
  • Калифорния штатында іс-қағаздары қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, жиналған макулатурадан қайта өңделіп, яғни қалдықтан шыққан қағаздан жүргізіледі екен. Американың тәуелсіздік декларациясының ең алғашқы жобасы коноплядан жасалған қағазға жазылған көрінеді.
  • 2010 жылы бұрын хайуанды қорлағаны үшін АҚШ-тың бір азаматы екі жылға сотталды. Ол хамелеонды түрлі-түсті суретті қағаздың үстіне отырғызып қойып, тыныштық бермей әбігерге түсірген. Ақырында хамелеон 19 рет түсін өзгертіп, қорлыққа шыдамай өліп кеткен.
  • Жалпы әлемде әжетхана қағазына сұранысы өте жоғары ел - Испания. Әсіресе, футбол ойындары басталған шақта испандық жанкүйерлер домалақ әдемі етіп оралған түрлі-түсті әжетхана қағаздарын сатып алып, лента ретінде алаң ортасына қарай атады. Футбол алаңында отшашулар болып, лентаға оралып жатқан жанкүйерлер бұл сәтті жеңіс үшін, өз клубын қолдау үшін ұйымдастырады.
  • АҚШ үкіметі Kimberly-Clark компаниясын патриоттық қызметі үшін мемлекеттік марапатқа ұсынған. Өйткені компанияның әжетхана қызметіне арнап шығарған түрлі-түсті жұмсақ қағаздары екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сарбаздардың қажетіне жараған. Сондай-ақ 1991 жылы АҚШ армиясы «Шөл даладағы дауыл» операциясы кезінде танк пен әскери машиналардың үстін жасырын жабу үшін түрлі-түсті қағаздарды пайдаланған.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Крафт пакеты для стерилизации: особенности и преимущества (орыс.)
  2. Крафт пакеты: все, что нужно знать о них (орыс.)
  3. “Балалар Энциклопедиясы”, V-том
  4. Полиграфия, өлшеу техникасы, ағаш өңдеу жабдыктары және металл өңдеу техникасы мен технологиясы: Қазақша-орысша терминдердің түсіндірме сөздігі.