Глоссарий

Өмірбаяндық анықтама 

 

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров — қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш. 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы 1 май ауылында туған. 1976 жылы А. Федотов атындағы Авиация өнеркәсібі министрлігінің ұшқыштар-сынақшылар мектебін бітірген. 1979 жылы С. Орджоникидзе атындағы Мәскеу авиация институтын сырттай тәмамдады. КСРО-да тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын орындады. 1989 жылы 1 қарашада бірінші болып «МиГ-29к» кеме реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен ұшырып, қондырды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 31 қазандағы Жарлығымен жаңа авиациялық техниканы сынау кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Т.Әубәкіровке Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» медалімен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1990 жылы 6 қарашада КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы ұшқышы атағына ие болды. 1991 жылы 2 қазанда «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен зерттеуші ғарышкер ретінде ғарышқа ұшты. 1992 жылдың сәуірінен — ҚР қорғаныс жөніндегі МК төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Президентінің ғарышты игеру жөніндегі көмекшісі. Парламентке сайланғанға дейін — Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры. Қазақстан әуе күштерінің генерал-майоры. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Халық қаһарманы (1995), Кеңес Одағының Батыры (1998), КСРО еңбек сіңірген сынақшы ұшқышы (1990). ҚР еңбек сіңірген спорт шебері1.

 

Ельцин Борис Николаевич — Ресей Федерациясының Бірінші Президенті (1991 және 1996 жылдары бұл қызметке екі рет сайланды), РКФСР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы төрағасы (1990-1991), Мәскеу қалалық комитетінің (1985-1987) және КОКП Свердлов облыстық комитетінің (1976-1985) бұрынғы бірінші хатшысы, 1981-1990 жылдары КОКП ОК мүшесі, 1986-1988 жылдары - кандидат КОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросына кандидат болды, КОКП XXVIII съезінде партиядан шықты. 1987 жылдан бастап партия басшылығымен, оның ішінде Орталық Комитеттің Бас хатшысы, кейіннен КСРО президенті болған Михаил Горбачевпен тіл табыса алмады. 1991 жылы Ельцин РКФСР президенті болып сайланғаннан кейін екеуінің ара қатынасы нашарлай түсті. Сол жылдың тамыз айында ТЖМК мүшелерінің төңкеріс жасау әрекетін тоқтатқаннан кейін Ельцин Горбачевті жеңеді. Кеңес Одағын таратуға бастамашы болғандардың бірі, КОКП қызметіне тыйым салды. Елде мемлекеттік меншікті жекешелендіруді ваучерлік схема бойынша жүргізуді және экономиканың нарықтық моделіне көшуді, оның ішінде 1995-96 жылдардағы кепілді аукциондарды қолдады. 1993 жылғы парламенттік дағдарыс кезінде қару қолдану және 1994 жылы Шешенстанға әскер енгізу туралы бұйрықтар шығарды. 1999 жылы президенттік өкілеттігін Президенттік мерзім аяқталғанға дейін Владимир Путинге өз еркімен береді. 2007 жылдың сәуірінде жүрегі тоқтап, қайтыс болды3.

 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев (1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысының Шамалған ауылында туған) — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.

Мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды металлургия комбинатының құрылысында жұмыс істеді (1958-1960). 1967 жылы комбинат жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бітіріп, инженер-металлург біліктілігін алды. Он жылдам астам уақыт бойы Қарағанды облысында және республикада жастар, содан кейін партия көшбасшысы болды. 1984 жылы Н. Ә. Назарбаев республика үкіметін басқарды. 1989 жылы маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1990 жылы сәуірде Жоғарғы Кеңестің сессиясында Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 1995 жылғы сәуірдегі жалпыхалықтық референдум нәтижесінде оның өкілеттігі 2000 жылдың желтоқсанына дейін ұзартылды. 1999 жылғы 10 қаңтардағы жалпыхалықтық сайлауда Н.Ә. Назарбаев балама негізде Мемлекет басшысы болып сайланды.

2005 жылғы 4 желтоқсандағы президенттік сайлауда сайлаушылардың 91,15%- ы Н. Ә.Назарбаевқа дауыс берді. 2006 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне қайта кірісті. 2010 жылғы 31 қаңтарда республиканың Конституциялық Кеңесі қолданыстағы Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуге мүмкіндік бермейтін заң жобасы бойынша шешім қабылдады. 2011 жылғы 3 сәуірде Қазақстан азаматтары Н. Ә. Назарбаевты Президент етіп сайлады1.

 

       Тони Блэр — Энтони Чарльз Линтон Блэр 1953 жылы Эдинбургте туған. Әкесі университетте құқықтанудан сабақ берген. Балалық және жастық шағын Англия мен Австралиядаөткізді. Эдинбургтегі Феттес колледжінде оқыған, одан кейін Оксфорд университетінде құқықтануды оқыған. Оқуды бітіргеннен кейін Оксфордта сабақ берген және 1976 жылы адвокаттар алқасына кірді, еңбек және коммерциялық құқық мәселелерімен айналысты. Сонымен қатар Лейбористік партия қызметіне белсенді араласа бастайды.

            Ұлыбритания Премьер-министрі (1997-2007), соңғы 200 жылдағы елдің ең жас премьер-министрі. Парламенттің Қауымдар палатасының мүшесі (1983-2007), Лейбористік партиясы көшбасшысы (1994-2007), «жаңа лейборизм» деп аталған идеялардың негізін қалаушы. Мемлекеттік билікті орталықсыздандыру саясатын жүргізді, Ұлыбритания ауған және ирак науқандарына қатысқаннан кейін танымалдылығы төмендей бастады.

            2007 жылғы 10 мамырда Блэр отставкаға кететін күні туралы көптен күткен мәлімдеме жасайды: ол сол жылдың 27 маусымында премьерліктен кететінін хабарлайды. 24 маусымда Лейбористік партияда ішкі сайлау өтіп, нәтижесінде Браун лейбористер жетекшісі болады. 27 маусымда Блэр ресми түрде үкімет басшысы қызметінен кетіп, орнын Браунға қалдырады. Сол күні Таяу Шығысты реттеу процесіне қатысқан төрт тарап («Таяу Шығыс квартеті» - Ресей, ЕО, АҚШ және БҰҰ) Блэрді аймақтағы арнайы өкілі ретінде бекітті. Осыған байланысты бұрынғы премьер қауымдар палатасындағы орнынан кетеді. 2008 жылдың қаңтарында Блэр JPMorgan Chase ірі америкалық банктің аға кеңесшісі және халықаралық байланыстар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. 2011 жылдың қазан айында ол Қазақстан Үкіметінің кеңесшісі болады2.

       

 

Пайдаланылған дереккөздер:

 

1. Қазақстан тарихы, 1945-2019 жылдар, 8-9 сыныптар, 2-бөлім, Өскембаев Қ.С., Сақтағанова 3.Г., Зуева Л.И., 2019 – 256 б.

2. https://lenta.ru/lib/14160549/

3. https://lenta.ru/lib/14160887/

 

Глоссарий

АСЕАН — 1967 жылғы 8 тамызда құрылған Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы. Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд, Филиппиндер елдері негізін қалаған. Кейін ұйымның құрамына Бруней (1984), Вьетнам (1995), Лаос және Мьянма (1997), Камбоджа (1999) кірді. АСЕАН құрылғаннан бастап саяси ынтымақтастық саласында келісімдер жасауға баса көңіл бөлді1.

Бизнес — кәсіпкерлік қызмет; табыс көзі болып табылатын іс, кәсіп2.

Дүниежүзілік сауда ұйымы — халықаралық сауда ережелерін либерализм принциптеріне қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым, ол 1995 жылғы 1 қаңтарда құрылған2.

Гиперинфляция — ақшаның кенеттен құнсыздану процесі1.

Декларация — (лат. Declaration — «мәлімдеу») — мемлекеттің сыртқы немесе ішкі саясатының негіз қалаушы қағидаттарын, халықаралық ұйымдар қызметінің негіздерін қамтитын немесе саяси партиялардың, мемлекеттің немесе халықаралық ұйымдардың атынан қандай да бір мәселе бойынша олардың ұстанымын білдіретін ресми мемлекеттік құжат1.

Делимитация — карта бойынша іргелес мемлекеттер арасындағы келісім бойынша шекараның орналасуын анықтау, кейіннен тараптар арасында Шартқа қол қойылады және екінші кезең өтеді, демаркация — олардың арасындағы шекараны жергілікті жерде ресми түрде белгілеу1.

Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) – мүше мемлекеттердің (Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан) ортақ жоғары кедендік шекараларын қалыптастыруға, бірыңғай сыртқы экономикалық саясат, тарифтер, бағалар және ортақ нарықтың жұмыс істеуінің басқа да компоненттерін әзірлеуге байланысты функциялары бар халықаралық экономикалық ұйым3.

Инфляция — бұл тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағаларының жалпы деңгейінің ұзақ мерзімге артуы. Инфляция кезінде бір сомаға біраз уақыт өткеннен кейін бұрынғыға қарағанда аз тауар мен қызметтерді сатып алуға болады1.

Инфраструктура — Материалдық өндіріс пен қоғамның өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін қажетті ғимараттар, жүйелер мен қызметтердің жиынтығы: жолдар, каналдар, порттар, қоймалар, байланыс жүйелері1.

Конституция — (лат. сonstitutio — құрылым) — мемлекеттің қоғамдық құрылымын, биліктің өкілді органдарын құру принциптері мен тәртібін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, сайлау жүйесін анықтайтын мемлекеттің негізгі заңы2.

Либерализация — қандай да бір елдің азаматтарының немесе құзырындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту процесі – бірінші кезекте саяси, экономикалық, мәдени және қоғамдық өмірдің басқа салаларында1.

МАГАТЭ — МАГАТЭ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша 1957 жылы құрылған халықаралық агенттік2.

Қоғамдық ұйым — өз мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін бірыңғай мақсатпен ерікті түрде біріккен азаматтар қауымдастығы (үкіметтік емес бірлестік)1.

Саяси ұйым — билікке қол жеткізу және қоғамның саяси өміріне белсенді қатысу мақсатында құрылған ұйым1.

Жекешелендіру — мүліктік қатынастарды реформалау арқылы мемлекеттік мүлікті меншіктің басқа түрлеріне айналдыру үдерісі2.

Референдум азаматтардың жалпымемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті маңызы бар неғұрлым маңызды мәселелер бойынша, мысалы, ішкі (Конституцияны қабылдау, толықтырулар немесе өзгерістер енгізу) немесе сыртқы саясат, қандай да бір заң қабылдау мәселелері бойынша тікелей ерік білдіру1.

Саммит — сыртқы саяси келіссөздер жүргізу және шешімдер қабылдау үшін мемлекеттердің жоғары басшыларының кездесуі2.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) — 1991 жылы ыдыраған КСРО-ның орнына құрылған мемлекетаралық ұйым.

Егемендік  елдің ішкі және сыртқы саясатын тәуелсіз жүргізу құқығы1.

Терроризм — халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану идеологиясы және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылық жасау немесе жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы2.

Экономикалық дағдарыс — өндірісте барлық қайшылықтар кенеттен көрініс тапқан экономикалық цикл кезеңі. Сұраныстың шектелуіне, өндірістің күрт қысқаруына және өндірістік аппаратты толық пайдаланбаудың күшеюіне, өндірістік күштердің дағдарысына, бағаның құнсыздануына, жұмыссыздықтың өсуіне, жұмысшылар жалақысының және шаруалардың табысының нақты төмендеуіне, шағын өндірушілердің кірістерінің жаппай құлдырауына қарамастан тауарды артығымен шығару2.

ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization ­— UNESCO) —білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ ұйымы2.

  1. Қазақстан тарихы, 1945-2019 жыл, 8-9 сынып, 2-бөлім, Өскембаев Қ.С., Сақтаганова 3.Г., Зуева Л.И., 2019 – 256 б
  2. Қазақстан тарихы (1946 жылдан бүгінгі күнге дейін). Жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған оқулық./Б.Г. Аяған, Қ.Б. Әдиет, А. Б. Сатанов. - Алматы: Атамұра, 2019. - 224 б.
  3. Аяған Буркітбай, Ауанасова Алима, Сүлейменов Арман. Қазақстанның жаңа тарихы: Кеңестік жүйенің дағдарысы және ыдырауы. I том: Ғылыми-көпшілік басылым. «Тәуелсіздік жылнамасы» сер. — Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2011. - 320 б.
Түсінікті
WhatsApp